Референдум барысында өрескел оқиғалар тіркелген жоқ - Бас прокуратура

Қаракөз Амантай 06 қаз. 2024 10:53 810

Бас прокуратура АЭС құрылысына қатысты референдум барысында заңбұзушылықтар тіркелмегенін мәлімдеді. Құқық қорғау органдары дауыс беру процесінің заң талаптарына сай өтіп жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау департаментінің басшысы Бекжан Қараманов референдум кезінде заңбұзушылықтар орын алмағанын айтты. Оның сөзінше, Орталық сайлау комиссиясы немесе басқа да мемлекеттік органдар тарапынан ешқандай ереже бұзылған жоқ.

"Бүгінгі күні сайлауалды үгіт-насихат жүргізуге және сайлау учаскелерінде сауалнамалардың нәтижелерін жариялауға қатаң тыйым салынады. Қазіргі уақытта мұндай заңбұзушылық фактілері тіркелген жоқ", – деп мәлімдеді Қараманов.

Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев қазіргі кезде қоғамдық тәртіптің сақталып отырғанын хабарлады. Ол полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікке тұрғанын және дауыс беру орындарының қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілгенін мәлімдеді.

"Референдум өтетін орындардың техникалық беріктігі, өрт қауіпсіздігі және терроризмге қарсы қорғанысы тексеріліп, барлық учаскелер тәулік бойы күзетпен қамтамасыз етілген. Полиция қызметкерлері дауыс беру залына тек қоғамдық тәртіпті бұзу жағдайында ғана шақырылады", – деп түсіндірді Әлекешев.

Қоғамдық тәртіптің бұзылғаны туралы хабарлау қажет болса, ішкі істер министрлігі азаматтарды кезекші учаскелерге немесе 102 нөміріне жүгінуге шақырды.

Еске сала кетейік, дауыс беру тізіміне 12,3 миллионға жуық қазақстандық енгізілген.

Референдумға 30 шет мемлекет пен төрт халықаралық ұйымның (Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес) атынан 177 байқаушы қатысады.

Дауыс беру барысын 14 мемлекеттің орталық сайлау органдарының өкілдері, соның ішінде Әзірбайжан, Беларусь, Тәжікстан және Өзбекстан орталық сайлау органдарының төрағалары да бақылап отыр.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 37 елден 200 шетелдік журналистерді аккредиттеді, олар да республикалық референдумды бақылап, ақпарат таратады.

Елімізде барлығы 10 323 сайлау учаскесі жұмыс істейді, сонымен қатар, 59 елде шетелдік мекемелерде ашылған 74 сайлау учаскесі бар. Референдум нәтижелері дауыс беру күнінен бастап жеті күннен кешіктірілмей бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар