Ұлытау облысында аутизмі бар баланың анасы өңірдегі реабилитациялық орталыққа кіре алмай, шарасыз күйге түсті. Оның айтуынша, барлық қажет құжаттары дайын болса да, медициналық мекеме баласын қабылдаудан бас тартқан, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Egovpress телеграм арнасы жариялаған видеода өңір тұрғыны жанайқайын жеткізген.
Анасының сөзінше, ол баласын орталыққа жолдама мен квота негізінде апарған. Алайда орталық басшылығы түрлі себепті алға тартып, қызмет көрсетуден бас тартқан.
“Жолдамамыз да, квотамыз да бар. Соған қарамастан, баламды қабылдамай қойды. Мұндай балалармен жұмыс істемейміз дегенді ашық айтты”, – дейді ол көз жасына ерік беріп.
Оның айтуынша, былтыр баласын дәл осы орталыққа орналастыру үшін қосымша қаржы беруге мәжбүр болған.
“Былтыр тек ақша бергеннен кейін ғана қабылдады. Биыл осындай жағдайға тап болып отырмыз”, - деді ол.
Қазіргі уақытта аталған жағдай бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасына ресми сауал жолдадық. Редакция мәселенің мән-жайын анықтап, уәкілетті органдардың ресми жауабын жариялайды.
