Freedom Inside '26

Хантәңірі етегіндегі “Қазақстанның Мальдиві”: Райымбек ауданында туризм қалай дамып жатыр?

Хантәңірі етегіндегі “Қазақстанның Мальдиві”: Райымбек ауданында туризм қалай дамып жатыр?

Табиғаты таңдай қақтыратын Райымбек ауданы кейінгі жылдары туристердің қызығушылығын арттырып келеді. Өңірде жол инфрақұрылымы жаңартылып, этнотуризм мен экотуризм бағыттары қатар дамып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, былтыр өңірге шамамен 2,8 миллион турист келген. Ал Райымбек ауданында жазғы маусымда қонақ қабылдауға дайын екі жүзден астам киіз үй жұмыс істейді.

“Нарынқолдың табиғаты ерекше. Климаты да қолайлы. Кеген өңірімен салыстырғанда желі аз, қысы жұмсақтау. Негізгі мәселе – жол мен көлік қатынасы. Бұл түйткіл шешілсе, Нарынқол Қазақстандағы ең тартымды туристік бағыттардың біріне айналады”, – деді облыс әкімі.

Қазір Райымбек ауданына баратын жол жөнделіп жатыр. Сонымен қатар Нарынқол өңіріндегі алты жол учаскесіне жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл туристік нысандарға қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Өңірдегі туризмді дамытып жүрген кәсіпкерлердің бірі – Ақкөл жайлауындағы “Хантәңірі” демалыс орнының басшысы Жомарт Смағұл. Оның айтуынша, бүгінде туристер сән-салтанатты емес, табиғи әрі шынайы өмір салтын іздейді.

Алты жыл бұрын басталған жобаға алғашында ешкім сенбеген. Соған қарамастан кәсіпкер тәуекелге барып, инфрақұрылымды өз күшімен қалыптастырған.

“Суы жоқ жерге су тарттық, жолы жоқ жерге жол салдық, электр қуатын жеткіздік, интернет орнаттық. Осы уақытқа дейін алты мыңнан астам турист қабылдадық. Бұл жобаға шамамен бір миллион доллар инвестиция салынды”, – дейді ол.


Бүгінде өңірдің басты туристік брендіне айналып келе жатқан орындардың бірі – Ақкөл көлі. Жергілікті тұрғындар оны әзілдеп "қазақтың Мальдиві" деп атайды.

“Ақкөлдің суы өте мөлдір. Түбі анық көрінеді. Тек айырмашылығы – суы өте салқын. Жылдың қай мезгілінде болса да температурасы шамамен +3 градус деңгейінде сақталады”, – дейді кәсіпкер.

Ақкөлден бөлек, туристерді Қаракөл мен Жасылкөл көлдері, ұзындығы 70 шақырымға созылатын Байынқол аңғары, сондай-ақ әлемге әйгілі Хантәңірі шыңы қызықтырады.

Хантәңірі – Қазақстан аумағындағы ең танымал шыңдардың бірі. Оның биіктігі теңіз деңгейінен 7010 метрге жетеді. Ал өңірде орналасқан тағы бір ерекше нысан – биіктігі 6146 метр болатын Мәрмәр қабырға шыңы.

Жомарт Смағұлдың айтуынша, шетелдік туристердің қызығушылығын тудыратын басты ерекшелік – дәл осы табиғи нысандар ғана емес, қазақтың төл мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі.

“Еуропалық туристер этнотуризмді жақсы көреді. Бір қонақ маған: “Маған сәнделген киіз үй емес, қарапайым қазақ отбасы тұратын шынайы киіз үйді көрсетіңіз”, – деді. Кейін сол жерде қонып, өз қолымен құрт жасап көрді”, – дейді ол.

Сондықтан өңірде этнотуризмге ерекше мән беріліп жатыр. Қонақтарға қымыз дайындау, құрт жасау, май пісіру секілді дәстүрлі кәсіп түрлері көрсетіледі. Сонымен қатар сұранысқа қарай бүркітшілік, құсбегілік және тазы баптау өнері де таныстырылады.

Кәсіпкердің пікірінше, болашақта туризмнің табысты болуы тек табиғатқа емес, қызмет көрсету сапасына да байланысты.

“Демалыс орнын салу бір басқа, сапалы сервис көрсету бір басқа. Туризмдегі ең маңызды мәселе – қызмет көрсету мәдениеті. Әр қонақтың пікірін тыңдап, соған бейімделе білу қажет”, – дейді ол.

Сондай-ақ Райымбек ауданындағы туризмді дамыту жұмыстарына Қақпақ ауылдық округі де белсенді үлес қосып келеді. Мұнда туристік инфрақұрылымды дамыту, жаңа бағыттар ашу және этнотуризмді өркендету бағытында бірнеше жоба қолға алынған.

Қақпақ ауылдық округінің әкімі Ердос Сайыновтың айтуынша, өңірдегі негізгі туристік нысандардың бірі – Шұбартал жайлауы. Оның туристік әлеуетін арттыру мақсатында 2026-2027 жылдары жайлауға дейінгі 28,5 шақырым жолды жақсарту жоспарланып отыр.

“Туристерге қолайлы жағдай жасау үшін Шұбартал жайлауы, Қақпақ және Көкпел ауылдары аумағында жалпы саны 50 киіз үй тігу көзделген. Басты мақсатымыз – Қақпақ пен Көкпел ауылдарын туристер жиі келетін әрі кәсіпкерлігі дамыған ауылдарға айналдыру”, – дейді ауыл әкімі.

Сонымен қатар округ аумағында жаңа туристік нысандар ашу жоспары бар. Атап айтқанда, Қақпақ және Дегерес таулары маңында арнайы көру алаңы салынбақ. Бұл жерден Хантәңірі шыңы, Тұзкөл және ауданның бірнеше ауылы көрінеді.

Әкімнің мәліметінше, қазіргі таңда Қақпақ өңіріне жыл сайын 600-ден 1000-ға дейін турист келеді. Ал шетелдік қонақтарды тарту үшін Райымбек, Кеген және Ұйғыр аудандарын қамтитын ортақ туристік маршрут әзірленуде.

“Ұйғыр ауданында – ыстық бұлақтар, Кегенде – көлдер, ал бізде – Шұбартал жайлауы бар. Осы бағыттарды біріктіріп, шетелдік туристерге тұтас туристік өнім ұсынуды жоспарлап отырмыз”, – дейді Ердос Сайынов.

Оның айтуынша, туризмді дамытудың тағы бір бағыты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Қонақтарға қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық тағамдары, ән-күйі мен музыкалық аспаптары таныстырылып, көкпар, қыз қуу, теңге ілу және садақ ату сияқты ұлттық спорт түрлері көрсетіледі.