Қызылорда облысы Арал ауданында учаскелік полиция инспекторы қаза тапты. Облыстық Полиция департаменті мәліметінше, оған тұрмыстық жанжал кезінде дене жарақаты салынған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға кезінде 1988 жылы туған полиция қызметкері демалыста болған. Алдын ала мәлімет бойынша ол алған жарақаттарынан көз жұмған.
Полиция күдікті анықталғанын және оны ұстау шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Ведомство мәліметінше, қаза тапқан учаскелік инспектор бұған дейін күдіктіні тұрмыстық құқықбұзушылықтар үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Оған қатысты қорғау нұсқаулары да шығарылған.
Қазір бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.