Қитұрқылық пен пәлеқорлықты қоғам қатаң сынға алады - Тоқаев

Сағыныш Сардарова 25 сәу. 2024 11:53 2558

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің тыныштығы үшін билік барлық шараны қолданатынын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Билік елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті шара қолданатын болады. Кім айтса да, мұндай бағыттағы түрлі қитұрқылық пен пәлеқорлықты қоғам қатаң сынға алады, құқық қорғау органдары да соған сәйкес әрекет жасайды.

Қоғамда алауыздық тудыратын кез келген әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет. Азаматтарымыздың бізге қатысы жоқ ақпарат майданына араласып, өшпенділікті насихаттауы еліміздегі тұрақтылыққа және қоғамдық келісімге зор қатер төндіреді. Әрқайсымыз азаматтардың құқығы тең және еркін болуын қамтамасыз ететін Ата Заңымыздың әрбір сөзін бұлжытпай ұстануымыз қажет. Заң мен тәртіптің әрдайым және барлық жерде сақталуы, заң үстемдігінің сөзбен де, іспен де орнығуы маңызды.

Біздің міндетіміз – қоғамда өзара құрмет пен сенімді нығайта түсу. Сондай-ақ діни, аймақтық немесе әлеуметтік-экономикалық алшақтықты болдырмау үшін баршаға ортақ жаңа қағидаттар мен ұстанымдар ойластыру. Ассамблеяның осы күрделі мәселеге байланысты атқарып жатқан қызметі айрықша маңызды", - деді Президент.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар