Қазақстанның ОПЕК+ келісімі аясындағы мұнай өндіру квотасы қыркүйек айында тәулігіне 1,628 млн баррельге дейін өседі, деп хабарлайды Dalanews.
ОПЕК+ елдерінің 2 тамызда өткен онлайн кездесуінің қорытындысы бойынша 2026 жылдың қыркүйегінен бастап мұнай өндіру көлемін тәулігіне жалпы 188 мың баррельге арттыру туралы шешім қабылданды. Бұл – ұйымның 2023 жылы енгізілген ерікті өндіріс шектеулерін кезең-кезеңімен алып тастау жоспарының соңғы кезеңі.
Қабылданған шешімге сәйкес, Қазақстанның мұнай өндіру квотасы тамыздағы 1,608 млн баррельден 1,628 млн баррельге дейін ұлғаяды. Өндіріс көлемін арттыруға Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман қатысады. Жалпы алғанда бұл жеті мемлекет қыркүйектен бастап тәулігіне қосымша 188 мың баррель мұнай өндіруге мүмкіндік алады.
ОПЕК+ мәлімдеуінше, бұл шешім мұнай нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға және қатысушы елдердің өндірісті өтеу жөніндегі міндеттемелерін орындауына мүмкіндік береді. Сонымен бірге ұйым нарықтағы ахуал өзгерген жағдайда өндіріс көлемін ұлғайту, уақытша тоқтату немесе қайта қысқарту мүмкіндігі сақталатынын атап өтті.
Сарапшылардың пікірінше, квоталардың өсуі қазіргі кезеңде мұнай нарығына айтарлықтай әсер етпеуі мүмкін. Бұған Парсы шығанағындағы тасымалдың бұзылуы, Иран мен Украина төңірегіндегі геосаяси тәуекелдер, сондай-ақ экспорт бағыттарындағы қиындықтар себеп болып отыр. Соның салдарынан ОПЕК+ биылғы бірнеше айда бекіткен өндіріс өсімі көбіне қағаз жүзінде қалып отыр.
Сонымен қатар ОПЕК+ әзірге 2026 жылдың төртінші тоқсанына арналған өндіріс жоспарын жариялаған жоқ. Сарапшылар ұйым қыркүйектегі өсімнен кейін өндіріс көлемін уақытша өзгеріссіз қалдыруы мүмкін екенін айтып отыр. Келесі кездесу 6 қыркүйекке жоспарланған.