Қырғызстанда шетелдік нөмірлі көліктерді заңдастырудың соңғы мерзімі белгіленді

Қырғызстанда шетелдік нөмірлі көліктерді заңдастырудың соңғы мерзімі белгіленді
pixabay.com

Қырғызстан билігі шетелдік мемлекеттік тіркеу нөмірі бар көліктерді заңдастыруға қатысты соңғы мерзімді жариялады. Ел президенті Садыр Жапаров тиісті жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қырғызстандық БАҚ-тың хабарлауынша, көліктерін әлі заңдастырмаған азаматтарға 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін мәселені шешудің төрт нұсқасы ұсынылған.

Олар:

  • қосымша әрі түпкілікті заңдастыру рәсімінен өту;
  • көлікті Қырғызстан аумағынан шығару;
  • автокөлікті қосалқы бөлшектерге сату;
  • көлікті кәдеге жаратуға тапсыру.

Билік өкілдерінің мәлімдеуінше, егер көлік бұрын заңдастырылып, Қырғызстанның «10 өңір» сериялы мемлекеттік нөмірін алған болса, иелеріне алаңдаудың қажеті жоқ. Мұндай көліктер толық заңдастырылған болып есептеледі және оларды пайдалануға рұқсат беріледі.

Жаңа жарлық әртүрлі себептермен заңдастыру рәсімінен өтпеген немесе үлгермеген көлік иелеріне қатысты.

Қырғызстан билігі 2026 жылғы 1 қыркүйектен кейін заңдастырылмаған автокөліктер мәселесі толық шешілуі тиіс екенін атап өтті. Осы мерзімнен кейін тиісті мәртебесі жоқ көліктерді пайдалануға тыйым салынбақ.