Қырғызстанда 9 күн бұрын жоғалған 16 жастағы қыздың қаза тапқаны туралы ақпарат тарады

Қырғызстанда 9 күн бұрын жоғалған 16 жастағы қыздың қаза тапқаны туралы ақпарат тарады
Қыз. Көрнекі фото: istockphoto.com

Қырғызстанда бірнеше күн бұрын із-түзсіз жоғалған 16 жастағы Айбийке Абдыраманованың қаза тапқаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Алайда әзірге бұл мәліметке қатысты ресми органдардың расталған ақпараты жарияланған жоқ, деп хабарлайды dalanews.kz.

Айбийке Абдыраманова 10 қыркүйек күні шамамен сағат 16:00-де Шүй облысының Сокулук ауданына қарасты Күн-Туу ауылындағы үйінен шығып кеткен.

Осыдан кейін жасөспірім үйіне оралмаған. Қыздың туыстары мен құқық қорғау органдары оны іздестіре бастаған.

Шүй облыстық ішкі істер басқармасының мәліметінше, жоғалған қыз 2010 жылы туған. Оның бойы шамамен 160-165 сантиметр, дене бітімі арық, шашы ұзын әрі ашық қоңыр түсті болған.

Үйінен шыққан сәтте ол қара түсті футболка, жасыл шолақ шалбар және қызыл аяқ киім киген.

19 қыркүйекте, яғни жоғалғанына тоғыз күн өткен соң, әлеуметтік желілерде Айбийкенің өлі табылғаны туралы хабар тарады.

Дегенмен қазіргі уақытта жасөспірімнің қаза тапқаны, оның денесі қай жерден табылғаны және өлімінің себебі жөнінде ресми ақпарат жарияланған жоқ.