"Қыргүйек" пен "қыркүйек": Ерлан Қарин маңызды жиын өткізді

"Қыргүйек" пен "қыркүйек": Ерлан Қарин маңызды жиын өткізді
Фото: Ақорда

Кейінгі күндері қоғамда "қыркүйек" пен "қыргүйек" нұсқаларына байланысты дау қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Вице-президент Ерлан Қарин осы жағдайға қатысты маңызды жиын өткізді.

"Қыркүйек" пен "қыргүйекке" қатысты пікірталас бізге де жетті. Шын мәнінде, бұл тіл мамандары мен әдеби ортаның ғана мәселесі емес. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғандықтан, әрбір сөздің айтылуы мен жазылуы мемлекеттік аппараттың күнделікті жұмысына да тікелей қатысты. Өйткені қазір қазақ тілі кеңсе тіліне айналды. Сондықтан мұндай мәселенің бір ұшы бізге де тиетіні рас. Әрине, мемлекет қай сөзді қалай жазу керек екеніне араласа алмайды, араласпайды да. Бұл – сала мамандары мен ғалымдардың жұмысы.

Біздің міндетіміз – осы істі тиімді үйлестіру. Сол себепті елімізде тіл саясатын жүргізіп отырған мекемелердің басшылары мен белгілі ғалымдарды жинап, аталған тақырып жөнінде пікір алмастық", - деді ол.

Ерлан Қариннің сөзінше, талқылау барысында қазақ тілінің жаңа орфографиялық сөздігін әзірлеу қажет деген шешімге келген.

"Алдымен белгілі ғалымдардан арнайы жұмыс тобы құрылып, жаңа сөздік дайындалады. Ұсынылған еңбек Мекемеаралық комиссияда қаралып, бекітіледі. Орфографиялық сөздік соңғы рет 2013 жылы шыққан. Содан бері қолданысқа қаншама жаңа сөздер қосылды. Қазіргі пікірталастардың бір ұшқыны да сонда жатыр. Бұл істе асығыстық танытуға болмайды әрі созып жүруге де уақыт жоқ. Қазақстан тарихының көптомдық академиялық жинағын әзірлегендей, жаңа орфографиялық сөздікке де ұлттық жоба ретінде қарауға тиіспіз", - деді вице-президент.