Стив ПАВЛИНА, АҚШ
Неге менің салмағым тым көп? Неге жай ғана сұлу, сымбатты бола салмадым екен? Тәттіні жемей жүруге бола ма? Неге спортпен шұғылдану сондай қиын?
Неге табыс табу сондай қиын? Қарыздарымнан қалай құтылсам екен? Неге менің көлігім сына береді? Ақшасыз өмір – өмір емес.
Неге жақсы қыздар (жігіттер) маған қарамайды? Мен жақсы адам сияқтымын ғой. Бірақ айналам толған нақұрыстар. Жалғыздықтан шаршадым. Қашан махаббатымды табам?
[caption id="attachment_10504" align="alignleft" width="352"] Стив Павлина[/caption]
Неге ойымдағыдай жұмыс таба алмай қойдым? Өзім жек көретін жұмыста қашанға дейін отыра берем? Мынау не өмір? Басқа жұмыс қарастыру керек.
Таныс сөздер ме?
Қиындық кедергі іспетті
Жоғарыда айтылған сөздің бәрі қиындық біткенді кедергі етіп көрсетіп жатыр. Ыңғайсыздық, ашу шақыратын сезімнің бәрі адамды тоқыратады. Кедергі келтіреді. Өмірдің жақсы жақтарын көрсетпейді.
Мұндай ұстаныммен адам сол кедергілерді болдырмауға барын салуы керек. Егер түйткіл алдыдан шықса, онда өміріңізде бір нәрсе бұрыс кетті. Соны алдын ала ескеріп, болдырмаудың жайын жасау керек еді. Басқа түскен қиындық жолың болмағанның, қиын тағдырдың мысалы болады. Немесе осыған дейін теріс ойдың жетегінде өмір сүргеннің, сол ойдың салдарынан қиындық тудырғаныңызды түсінесіз.
Егер әлі де қиындықтан арыла алмай жүрсеңіз, оларды шешуге тырысыңыз. Еш қиындықсыз өмір сүруді үйреніңіз. Қиындықсыз өмір сүру мүмкін емес деген ойдан құтылыңыз.
Бұл ең сорақы ұстаным. Неғұрлым солай көбірек ойласаңыз, соғұрлым осал бола бересіз. Мұндай ұстаным адамды жолайрыққа тірейді. Екі жолдың бірі үнемі қиындық астында қалуға мәжбүрлейді. Ақырында өміріңіз тек сол түйткілдерді шешуге бағытталып кетеді. Оны адам бір өзі шешуге қиынсынады. Сондықтан өзіне тұншықтырғыш ойлап тауып алады. Теледидар, веб-серфинг, бейне ойындар, үздіксіз кітап оқу, ішімдік, есірткі және т.б. Баяу суға кете бересіз... Өмір саусақ арасынан ағып кетеді. Тағы қиындық туса, тағы сөйтесіз... Қиындық көрсе, жаны қиналып, басы ауырып, мазасыздық, күйгелектік меңдеп алады.
Екінші жол – шегініс. Қиындықтарды азайту үшін мына әлемнен біраз уақытқа баз кешуге тура келеді. Мұндай қадамды «оңтайландыру» немесе «минимализм» деп атаса да болады. Егер өмірдің бір бағытында кедергі пайда болса, оны адам ота жасап алып тастауға пейілді болады. Бәлкім, ол адам жалғыз тұратын шығар. Оның достары аз шығар. Жеңіл жұмыс жасап, өзінің қабілетін шыңдамайтын болар. Шыңдамаған соң ешбір сый алмайды. Табыс таппайды. Содан да бір үңгірде тұрып, медитация жасау жақсы ой сияқтанады.
Сізге керегі – тыныштық, тыныштық қана. Бірақ сол тыныштық бұйырмайды. Әйтеуір, мазаны алатын бір құбылыс болады да тұрады.
Бірақ басқа да жолдар бар. Әйткенмен, адамның көбі жоғарыда айтылған екі жолдың бірін таңдайды. Біріншісіне түскендер мәңгілік күйзелістен арыла алмайды. Екіншісін таңдағандар ұзақ мерзімді атрофияға ұшырайды. Қалай десек те, бұл екі жолға түскен адам өзін іздеуге асықпайды. Соның салдарынан бес жыл бұрынғы қиындық бүгінде екі иініңнен басып тұратын қара тасқа айналады.
Қиындық – мүмкіндік бұлағы
Өз тарапымыздан басқа жолды ұсынып көрейік. Біз ұсынған жол мүмкіндіктерді көбейтіп, адамды болмашы қыңқыл-күңкілден тыяды.
Қиындық адамға зиянын тигізу үшін берілмейді. Керісінше, олар адамды мықты ете түседі. Спортзалдағы зілмауыр кірлер сияқты. Оларды көтерген сайын шаршайтыныңызды сезесіз. Бірақ уақыт өте келе оп-оңай көтере беретінін әркім байқайды. Жаттығу керек. Бойыңды үйрету шарт. Өмірде бетпе-бет келген қиындықтың бәріне төзгенде соңғы нүктені ғана ойлайтын адамдардың көптігі өтірік емес. Негізінде бұл саяз ой. Спортзалда тек нәтижесін көру үшін ғана жүрмінге саяды.
Одан гөрі өнімді ойлай білу керек. Ең маңыздысы – қиындықты шешуге бағытталған іс-әрекет. Адамды іс-әрекеті өсіреді. Нәтижесі емес. Нәтиже әр түрлі болуы мүмкін.
Мәселен, бір адам ақшасыз, мойнында қарызы бар делік. Мұндай қиындықты кім болса да тезірек шешуге ұмтылады. Бұл қиындықтың маңызы нәтижесінде емес, соған қалай жетуге болатынын ойлауда тұр.
Бүгінгі менің қаржылық еркіндігімнің бір себебі – осыдан он жыл бұрын өзімнің қаражатсыз жүру мәселемді шешіп алдым. Өте қиын шаруа еді. Қаншама сатыдан өттім. Өзіме сенімді, мықты болуға талпындым. Қаржыға деген өзімнің көзқарасымды жиі ауыстырдым. Сол кірді көтерген сайын менің санам толыса берді. Содан қаржылық жағдайым түзелді.
Бұдан түйетініміз не? Егер алда-жалда келешекте мен бір тиынсыз қалсам, оның шешімін еш қиындықсыз табамын. Тіпті бірінші ретке қарағанда жылдам шешуім де ықтимал. Көп ақша шығындап аламын деген үрейден аулақпын. Ол нәтижеге жете алатыныма сенімім мол. Менің негізгі мақсатым ақша емес, табыс тауып үйрену еді. Ішкі жетілу, білім, ақша табудың тетігін меңгердім.
Егер менің бар қиындығым өзгенің ақша бере салуымен шешілсе, онда мен жинаған білім мен тәжірибе болмас еді. Лоторея ұтып алу – нәтиже бермейді.
Ақшаға зәрулігім кезінде ішімнен аспаннан ақша жауып кетпесін деп дұға ететінмін. Өзімнің қиындығымды өзім ғана шешуім керек деп түйдім. Мен үшін ақшалы болудың тәжірибесін өткеру маңыздырақ еді.
Шешуге тиісті бірнеше мәселенің бәрі де мені мақсатыма апаратын алтын көпір екенін ескеріп отырдым. Қиналсам да барлық кикілжіңге шыдадым. Үйрендім. Мінезім төселді. Сабырлы болуды үйрендім. Күте білудің маңызды екенін түсіндім.
Сол мәселелерді шеше жүріп бірқатар мақала жазып тастадым. Білгеніммен бөлісуге тырыстым. Қиын сабақтар болмағанда ақшаға қол жеткізе алмас едім.
Бұдан түйетініміз не? Егер алда-жалда келешекте мен бір тиынсыз қалсам, оның шешімін еш қиындықсыз табамын. Тіпті бірінші ретке қарағанда жылдам шешуім де ықтимал. Көп ақша шығындап аламын деген үрейден аулақпын. Ол нәтижеге жете алатыныма сенімім мол. Менің негізгі мақсатым ақша емес, табыс тауып үйрену еді. Ішкі жетілу, білім, ақша табудың тетігін меңгердім.
Ағзадағы дерт тәннің қуатын құрайды. Санаға түсетін салмақ менталды қуатты құрайды. Қарым-қатынас түйткілі әлеуметтік қуатты құрайды. Осылардың барлығы жиналып келіп рухани қуатты құрайды.
Мұндай ұстанымым ұзақмерзімді жағымды перспективаны көрсетеді. Мұндай ұстанымды неғұрлым қаттырақ қолдасаңыз, соғұрлым мықты бола бересіз.
Қиындықты жеңуге көзқарасты өзгерту
Мәселені шешуді анамнан үйрендім. Ол математика пәнінің мұғалімі болды. Өмір бақи маған есептер шығаруды тапсыратын. Түрлі кітаптар әкеп беретін. Эквиваленттілік, оптика, логика есептерін шығартатын. Кез келген кітап дүкенінде бар кітаптар. Жазғы демалыста бос отырмасын деуші еді.
Сол кітаптарымды жақсы көруші едім. Баланың сан алуан есептермен таныстығы оның зерделі болуына ықпал етеді. Есепті шығара алмай қиналасың. Ойланасың. Толғанасың. Шешімі бар. Қайтсең де тапқың келеді. Тапқан соң жаның жай табады. Есеп шығару мені зерек етті. Менің өмірлік қызығушылығым түрлі есеп шығаруға айналды.
Ал, басқа балалар маған келіп есеп шығарып берші деп сұрайтын. Мен көмектесетінмін. Бірге оқымасақ та, мені мектептегі мықты есеп шығарғыш атап кетті. Мұғалімдерімнің бірі менің қабілетімді шыңдағысы келді. Маған басқаларға қосымша сабақ өтуге рұқсат ететін. Осылай ақша табуды бастадым.
Бір күні физика пәнінің мұғалімі сабақтың алдында шақырып алып, бір есепті шығаршы деді. Тез шығарып бердім. Физикадан бәрін жақсы білгендіктен емес. Көп есеп шығарып әдеттенгендіктен. Шешімін алдын ала біліп тұрдым. Физика үшін менің шешімім бөтен болғанымен, математика үшін қалыпты есеп еді. Қысқы демалыста ішім пысты. Математикадан барлық есептерді шығарып тастадым. Сосын оны мұғалімге тапсырдым. Енді сабақта не істейсің деді. Маған мысал есеп беріп қоятын болды. Емтихан сұрақтарына дайындады. Өзім калькулятор бағдарламасын жасауды бастап кеттім. Бұл да мен үшін есеп еді. Мұндай логиканы математикадан тыс жерде де қолдануға болатынын мен кейін білдім. Өз басым бухгалтерияны жек көремін. Бизнестің ең іш пыстырарлық саласы сол. Мен оның көп бөлігін бухгалтерге тапсырамын. Бірақ кәсіппен айналысқан адамға есептен қашып құтылуға болмас. Бухгалтерлік жұмысқа қарсылық білдіргенше оны басқаша бағалауды бастадым. Тезірек жұмысты бітіруге асықпаймын. Менің мақсатым – жұмысты өзімнің жетілуіме қолдану. Ісімнің қаржылық саласының мүлтіксіз болуы менің жеке басымның жинақы бола түсуіне әсерін тигізеді. Қаржылық саланы дұрыс басқарсам, ол маған бірнеше жыл бойы қызмет ететінін білем.
Бұл жұмысты өзгелерге де тапсырсам болар еді. Меніңше бұл жақсы ой емес. Есеп шығару маған маңызды сабақ болмақ. Іскерлігіме тигізетін пайдасы шаш етектен. Әйтпесе, бастаған ісім аяқсыз қалмақ. Басқару есеп шығаруға негізделеді. Кейін бәлкім біреуге тапсыруға болатын шығар. 25 келілік кірге ауыспас бұрын 20 келілікті әбден меңгеруім керек.
Саны көп түйткілді еңсеру
Түйеқұс болып өмір сүрген ыңғайлы, әрине. Басыңды құмға тығып алып, ештеңе болмағандай жүре беру – көп адамның әдеті. Айналаң құжынаған шешілмеген мәселе: қалтаң бос, жұмыстан пайда жоқ, жұбыңмен ұрыс-керіс, қарын қампиған, мақсат жоқ.
Сізге ең жеңіл салмақтан бастау керек. Күнделікті жаттығу жасаңыз. Кішігірім мәселені шешуге үйренген соң, ақырындап ілгерілей бересіз. Сенім пайда болады. Адамның санасы жетіледі. Одан да күрделі түйткілді шеше бастайды.
Бастапқыда тазалық жасау, жөндеу жұмыстарына мән беру керек. Үстеліңіздің үстін жинаңыз. Дәретхананы тазалаңыз. Киім-кешекті реттеңіз. Хаттарды тексеріңіз. Бар болса, картинаны қабырғаға іліңіз. Тоңазытқыштағы бұзылған тағамды тастаңыз.
Осының бәрін күнделікті жасап дағдыланыңыз. Бір мезгілде уақыт бөліңіз. Белгіленген уақыт ішінде не үлгердіңіз? Есебін біліп жүріңіз. Уақытты ұтымды пайдаланудың бір тәсілі осы. Сонда істеген істер соншалықты күрделі болып көрінбейді. Уақытты да жемейді. Уақытты тиімді жұмсауға қалыптасасыз. Бұл да сол спортзал сияқты нәрсе.
Мықты бола түсіңіз
Бір түйткілдің шешімін табу адамға көп ресурс береді. Неғұрлым көп есеп шығарсаңыз, соғұрлым есепке бейімділік арта береді.
Тиімділікке жетелейтін әдетті сіңіріп отыру маңызды. Егер әр мәселеден өреңізді өсіретін қиындық көрсеңіз, оны орындауға барыңызды салыңыз. Өзіңізге өзіңіз «мен мұны істей аламын!» деген ұстаным беріңіз. Кірге әр тоқсан сайын салмақ қосып отыруы керек. Жеңіл дүние өсірмейтінін ұмытпағайсыз. Қиындықпен рухани жетілу келеді. Рухани өскен адамның қайраты мен жігері еселеніп отырады.
Мен қиналдым деп ешкімге ешқашан айтпаңыз. Қиындық үшін тәңірге алғыс айтыңыз. Қиындықпен адам жетіле түседі. Берілген түйткіл сіздің рухыңызды мықты, қуатты ете түсетініне сеніңіз. Сол жаттығулардан ләззат алып үйренсеңіз сауап. Жылдар өте келе сол қажыр-қайраттың текке кетпегенін, сіздің меніңізді өсіргеніне көзіңіз анық жетеді.
Жаттығуға қарсылық білдірмеңіз.
Аударған Шынар ӘБІЛДӘ