Құзырлы органдар "гүл ұрысы" ретінде танылған экс-полицейдің кезекті видеосына пікір білдірді

Сағыныш Сардарова 11 нау. 2024 14:21 1575

Әлеуметтік желіде "гүл ұрысы" ретінде танымал болған бұрынғы полиция қызметкерінің тағы бір видеосы тарап кетті. Бұл жолы ол мекемеде әйелдің телефонын тартып алғаны айтылады. Осы жайтқа полиция пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Бұл дерек бойынша полицияға ешқандай арыз түскен жоқ. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін видеода көрсетілген адамдарды анықтау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, М. Беков Ішкі істер органдары қызметкері емес екенін хабарлаймыз", - деп жазылған Шымкент Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Жергілікті Еlitar басылымы мәліметінше, желіде тарап кеткен видео кейіпкері 2023 жылы Шымкенттегі гүл дүкенінде жөнсіз әрекет жасады деп айыпталған полицейге ұқсайды.

Бұл жолғы оқиға Шымкент қаласындағы мейрамханалардың бірінде болған. Телефонын қайтаруды сұраған әйелге бұрынғы полиция қызметкері жауап бермейді.

"Әкел телефонымды. Телефонды алып кел дедім саған! Ішкеніңе төлей алмайсың ғой қазір. ...Мына кісі айтып жатыр ме едіңдер? Ішкеніне төлеп алсын. Менің телефонымды кепілге тастамақшы. Жақсылап телефонға түсірші. Сол гүлге ақша төлей алмайтын жігіт қой", - деді видеода әйел.

Кадрлардан оқиға куәгерлері әйелге көмектескісі келгені көрінеді. Алайда ер адам олардың да сөзіне құлақ аспайды.

“Менің телефоным, соны ала сал. Саған сыйладым. Менде телефон жоқ, көлікте”, – дейді ер адам.

Сонымен қатар, желі қолданушылары экс-полицей басқа адамдардың заттарын алып қоятын әдетін қоймағанына ашынған.

Ал 2023 жылы ол флорист қызға қол көтеріп, ақысын төлемей бір құшақ гүлді алған. Сол кезде Ішкі істер министрлігі екі бап бойынша кінәліні жауапқа тартуға уәде берді: "тонау" және "салғырттық".


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар