Құрбан айт күні Алакөлдік 50 отбасыға көмек көрсетілді

Dalanews 20 шіл. 2021 11:05 709

Алакөлдіктер сауапты істерімен жарысуда. Қайырымдылық – қазақтың қанына сіңген, жанындағы жабырқау көңілді жан жылуының шуағымен нұрландыратын әдемі қасиеттің бірі. Бүгінде ел азаматтарының пейілін, ниеті мен ықыласын көріп замандастарымыздың бойында осындай қасиеттердің бекемдігіне шынымен қуанасың.

Жақсылық жасаудан жарысу – тілің жеткенше тамсана айта жүретін тамаша жарыс десем артық айпағаным.
Бүгінде өңіріміздің белді азаматтары мұқтаж жандарды азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, аудандағы іргелі істерге ұйытқы болуда. Осы орайда, Алакөл ауданының бас имамы Ә. Омарханұлы бастаған аудандық орталық мешіт жамағаты және айдынды өлкеміздің тумасы, жеке кәсіпкер Айдын Айханұлы 50 отбасына 40 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіп, азық-түлік себеттерін табыс етіп, келіп жеткен ұлы мереке Құрбан айт мерекесімен құттықтады.



Айта кетерлігі, елімізде орын алған індет кезінде де аудандағы дүкен, дәмхана иелері, жекелеген кәсіпкерлер бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, зейнеткерлерге, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасыларға қолдан келгенше көмек көрсете білді.

– Қазақтың «Бірлік бар жерде тірлік бар» дейтіні, жанашырлық лебі есіп тұратын іс-қимылдан көрінеді. Бірлігі бекем болған соң бұл өлкедегі кей шаруа ел жайын ойлаған азаматтардың ымыраласқан қолғабысымен-ақ шешілуде. Бүгін Құрбан айт күніне орай ауданымыздың біртуар азаматы Айдын бауырымыз құрбандық шалып, 50 отбасына 40 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті. Сонымен қатар, аудан азаматтарына азық-түлік (10 кг макарон, күріш, 5 л сұйық май, 30 кг картоп, 20 кг пияз және 50 кг ұн) себеттерін табыстап, мерекелерімен құттықтады. Осындай ел азаматтарына үлгі болар нар бауырларымыздың қатары көбейе берсін» – деді ауданның бас имамы Әнет Омарханұлы.



Дана халқымыздың, «Көрші хақысы, тәңір ақысы» – деген, астарына атан түйеге жүк болар мазмұн ұялатқан аталы сөзі бар.

«Барша мұсылман қауымды келіп жеткен айтулы мереке Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын. Бүгін құрбандық шалып, көмегін көрсетіп, ниетін білдіріп отырған Айдын бауырымызға Алла тағала екі дүниеде де мол сауаптан жазып, бақытқа кенелтсін дегім келеді. Балаларымның, отбасымның атынан алғысымды білдіремін» – деді Қарабұлақ ауылының тұрғыны С.Дүйсебаева.

Бірлік бар жерде тірліктің бар екендігі әлмисақтан белгілі. Айбыны асқақ айдынды Алакөліміздің жомарт жанды азаматтарының бірлігі бекем, мәртебелері мығым болғай.

Қасиет АРСТАН,
Алакөл ауданы әкімінің
баспасөз-хатшысы


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар