Құлыбаевқа тиесілі компания мемлекет меншігіне 54 нысанды өткізді

Көркем Алдабергенова 05 ақп. 2025 17:31 244

Тимур Құлыбаевқа тиесілі деп саналатын «ТЭК-Казахстан» компаниясы мемлекет меншігіне 54 нысанды өткізді. Бұл туралы бас көлік прокуратурасы хабарлады, деп хабарлайды Dalanews.kz

Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, құрамына жанармай қоймалары, ғимараттар мен құрылыстар, сондай-ақ негізгі құрал-жабдық топтары кіретін мүлік енді мемлекетке тиесілі. Сонымен бірге «Қорғас» халықаралық орталығындағы багаж терминалы мен жер учаскесі де қайтарылған.

Бұған дейін Аактивтерді қайтару жөніндегі комитет Тимур Құлыбаевпен соттасып жатқаны туралы ақпарат тараған еді. Аталған кәсіпкердің есімі елдегі ең ықпалды бизнес өкілдерінің бірі ретінде жиі аталады. Ол «Кипрос» пен «Joint Technologies» арқылы «ТЭК-Казахстан»-ды қадағалаған деп айтылады.

Қаржы есебіне сүйенсек, Құлыбаевтың Joint Resources холдингі 2023 жылдың қорытындысында 39,1 млрд теңге таза табыс тапқан. Бұл компания негізінен активтерді басқарумен айналысады. Холдингтің қарамағында жеті еншілес мекеме бар, олардың арасында «Кристалл Менеджмент» АҚ, «Kazakhstan’s mineral resource investment company» ЖШС, «Шұбаркөл Премиум» АҚ секілді кәсіпорындар және басқа да ұйымдар кездеседі.

Мемлекетке қайтарылған 54 нысанның нақты қандай мақсатта пайдаланылатыны әлі белгісіз. Дегенмен, сарапшылар мұндай қадам елімізде активтерді заңға сәйкес реттеу және меншік қатынастарының ашықтығын арттыру бағытында жасалып жатқанын айтады. Құзырлы органдар бұл процестің жалғасатынын, ал қажетті жағдайда сот шешіміне жүгінетінін ескертуде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар