"Қуатты бомба жарылады". Жалған ақпарат таратқан екі әйел ұсталды

Dalanews 27 мау. 2019 06:07 792

Құрықталғандарға қатысты ҚР ҚК 247-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 

Шымкенттік тәртіп сақшылары қуатты бомба жарылысы болатындығы туралы жалған ақпарат таратқан екі әйелді ұстады, деп хабарлайды  ҚР ІІМ баспасөз қызметі.

Ішкі істер органдары ұсталғандарға қатысты ҚР ҚК 247-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Соңғы тәулікте аталған бап бойынша үш қылмыстық іс қозғалған.

«ҚР ІІМ тұрғындарды  әлеуметтік желілер мен түрлі мессенджерлер арқылы таралатын жалған ақпаратқа сенбеуді және үрейге бой алдырмауды сұрайды. Ресми ақпарат тұрақты түрде арнайы құрылған жедел штаб арқылы таралады», - деп хабарлады ведомстводан.

Сонымен бірге, ҚР Ішкі істер министрлігі Арыс қаласында қайтыс болған адамдардың саны үшеу екендігін ресми түрде растады.


"Министрлік әлеуметтік желі арқылы қайтыс болған адамдар саны одан да көп деген қауесет ақпараттардың жалған екендігін мәлімдейді. Егер де азаматтар зардап шеккен адамдар туралы қандай да бір қосымша деректерге ие болса, ресми түрде ішкі істер министрлігіне шағымдануға шақырамыз", – деді ІІМ-нен. 

Айта кетейік, Арыстағы апат туралы ресми ақпарат тұрақты түрде арнайы құрылған жедел штаб арқылы таралуда. 

Бұған дейін де, Арыста жойқын жарылыс болатыны туралы ақпарат таратып, дүрбелең туғызған бір адам тұтқындалған болатын. Шымкент қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, қаладағы эвакуациялық бекеттердің бірінде Арыс қаласының тұрғыны «Арыста қуатты бомба жарылып, Шымкентке жетеді» деген хабарламаны естіп, сол жердегі адамдарға таратқан.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар