Қуаңшылық нан бағасына әсер ете ме? Министрлік жауап берді

Қуаңшылық нан бағасына әсер ете ме? Министрлік жауап берді
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстанда қуаңшылыққа байланысты нан бағасы қымбаттамайды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар нан мен көкөніс өнімдерінің бағасы мемлекет бақылауында болады.

Вице-министр егін өнімділігіне қатысты көзқарас әртүрлі екенін атап өтті. Мемлекет үшін мол өнім жиналуы маңызды болса, шаруалар үшін кейде қуаңшылық болып, өнім аз шыққан жыл тиімді болуы мүмкін. Себебі нарықтағы тапшылық салдарынан өнімді жоғары бағамен сатуға мүмкіндік туады.

Соған қарамастан Азат Сұлтанов шикізат нарығындағы баға құбылуы қазақстандықтардың қалтасына салмақ салмайтынын айтты.

«Төрт жыл бұрын астықтың бір тоннасы 180 мың теңге болған кезде де, бүгінде шамамен 90 мың теңгеге түскен кезде де әлеуметтік нанның дүкендегі бағасы 110 теңге деңгейінде сақталып отыр. Мемлекетте бұл бағаны ұстап тұруға қажетті барлық тетік бар. Сондықтан нан тапшы болады немесе бағасы күрт өседі деп алаңдауға әзірге негіз жоқ. Дүрбелеңге берілудің қажеті жоқ», – деді вице-министр.