Қуандық Бишімбаевтың қарындасы ағасын қорғап мәлімдеме жасады

Көркем Алдабергенова 06 мам. 2025 11:11 402

24 жылға бас бостандығынан айырылған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың қарындасы Аружан Бишімбаева әлеуметтік желіде ағасының ісіне қатысты өз көзқарасын жариялады. Ол ағасына тағылған айыптардың кейбір тұстары дәлелсіз екенін және қоғамдық пікірдің шындықтан алшақтап бара жатқанын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Аружан Бишімбаева сот үкіміндегі «азаптау» туралы баптың негізсіз екеніне сенімді. Оның айтуынша, марқұм Салтанат Нүкенованың денесінде ауыр жарақаттар тіркелмеген, ішкі ағзалары мен сүйектері де бүтін болған. Бишімбаева денедегі көгерген жерлерді «түнгі төбелестің салдары» деп бағалап, «шын мәнінде, азаптау белгілері жоқ» екенін алға тартты.

«Оны ешкім ұстап отырған жоқ, ешкім азаптаған да жоқ. Қаласа кез келген уақытта кетуге мүмкіндігі болды, бірақ басқа таңдау жасады және қателесті», – дейді Аружан Бишімбаева.

Сонымен қатар ол әлеуметтік желідегі пікірлерге де наразылығын білдірді. Әсіресе, ағасын маньякқа теңеп, сериялық қылмыскерлермен салыстырғандарды «жағдайды дұрыс білмейтін, басқа беттерді оқитын, эмоцияға берілген адамдар мен орынсыз фанаттар» деп атады.

Оның пікірінше, Бишімбаевтың ісі бойынша шығарылған жаза тым қатал. Сонымен қатар, марқұм Салтанат Нүкенованың отбасының қазіргі әрекетін «қаржы мақсатындағы қудалауды жалғастыру» деп есептейтінін білдірді.

Бұдан бөлек, Аружан Бишімбаева ағасының бұрынғы әйелі Назым Қаһарманға қатысты да пікір білдірді. Оның айтуынша, Назым ешқашан ағасының тарапынан зорлық-зомбылық туралы шағым айтпаған. «Жақсы әйелден, әсіресе үш баланың анасынан ешкім ажыраспайды», – деді ол.

Еске салсақ, бұрынғы министр Қуандық Бишімбаев 2024 жылы мамырда әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға сотталған болатын. Сот материалдары бойынша, Бишімбаев жұбайын мейрамханада бірнеше сағат бойы ұрып-соғып, кейін жәбірленушіге ешқандай көмек көрсетпей, болған жайтты жасыруға тырысқан. Сот оны «ерекше қатыгездікпен кісі өлтіру және жүйелі түрде азаптау» баптары бойынша кінәлі деп тапты. Бұл іс ел ішінде кеңінен талқыланып, сот процесі алқабилердің қатысуымен өтіп, тікелей эфирде көрсетілген еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар