"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының қарызы 3 триллион теңгеден асып кеткен. Мәселе дер кезінде шешілмесе, салдары ауыр болуы мүмкін. Бұл туралы Сенат депутаты Шәкәрім Бұқтұғұтов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
24 сәуірде Сенатта Қазақстанның транзиттік әлеуетіне арналған парламенттік тыңдау өтті. Жиында депутат ҚТЖ-ның қарызы тым көп екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа жобаларды іске асыру үшін алынған несиелерді қосқанда, компанияның берешегі 3 триллион теңгеден асып отыр. Бұл мәселені кейінге қалдыру ҚТЖ-ның жұмысына ғана емес, елдің транзиттік әлеуеті дамуына да кері әсер етуі мүмкін.
Депутаттың пікірінше, мұндай жағдайдың негізгі себептерінің бірі - жүк тасымалы тарифі төмен екені. Қазір жүк айналымының шамамен 70 пайызы өзіндік құнынан төмен тарифпен тасымалданады.
Сенатор ҚТЖ-дағы теміржол тарифті ЕАЭО және ТМД елдерімен салыстырғанда ең төмен деңгейде екенін айтты. Бұл тарифтер тасымал шығынын толық өтемейді, ал басқа елдерде экспорттық жүк тасымалы Қазақстанмен салыстырғанда 2-4 есе қымбат.
