Қостанай облысының Бейімбет Майлин ауданында оннан астам өнеркәсіптік кәсіпорын жылдар бойы санитарлық-қорғау аймақтарынсыз жұмыс істегені анықталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Аудан прокуратурасы жүргізген талдау барысында эпидемиялық маңызы жоғары 11 нысанда өрескел заңбұзушылықтар анықталған. Олардың қатарында асфальтбетон зауыты, ірі элеваторлар және бірқатар жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындар бар.
Прокуратура мәліметінше, бұл кәсіпорындар санитарлық-қорғау аймақтарын белгілемей және санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алмай қызметін жалғастырып келген.
Санитарлық-қорғау аймағы өндірістік нысандарды тұрғын үйлерден бөліп, зиянды факторлардың адам денсаулығы мен қоршаған ортаға әсерін азайту үшін қажет.
Қадағалау органы мұндай аймақтардың болмауы тұрғындардың денсаулығы мен экологиясына тікелей қауіп төндіретінін атап өтті.
Прокурор қаулылары негізінде барлық кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы көлемі 6,3 млн теңге айыппұл салынған.
Прокуратура араласқаннан кейін кәсіпорындар санитарлық-қорғау аймақтарын рәсімдеу және қажетті құжаттарды алу жұмыстарын бастаған. Ал санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі заңбұзушылықтар толық жойылғанға дейін шектеу шараларын енгізген.
Сонымен қатар тиісті бақылауды уақытында жүргізбегені үшін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.