Қосшылықтар үшін негізгі мәселелердің бірі – қарапайым ғана қоқыс салатын контейнерлердің жетіспеуі.
– Орталық аллея көптен бері қоқыс төгетін алаңға айналып кетті. Ал мұнда балалар ойнайды, жағымсыз иіс пәтерлерді алып кетеді. Біз ПИК-ке талай рет хабарластық, олар бізді әкімдікке, ал әкімдік кері сілтеп, сарсаңға түстік, – дейді жергілікті тұрғын Әсем Есламбекқызы.
Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Әлихан Қуатбековтың айтуынша, қоқысты шығару тұрақты түрде жүргізіледі, тек биылдың өзінде 4 рұқсат етілмеген қоқыс төгетін орын жойылған, 4 мың шаршы метрден астам қоқыс шығарылған.
– Мәселені толық шешу үшін қаржыландыру жетіспейді, қазір мердігер ұйыммен жалпы сомасы 6,5 млн теңгеге шарт бар, біз қаржыландыру көлемін ұлғайтып, бүкіл қала аумағында санитарлық жағдайды жақсартуды жоспарлап отырмыз, – деді Әлихан Қуатбеков.
Қоғамдық көліктің жұмысы да азаматтардың көңілін көншітпей отыр. Көлік саны мүлдем жетіспейді.
– Негізінен тұрғындардың барлығы дерлік Нұр-Сұлтан қаласына жұмысқа барады. Күнде автобустардар лық толы болады. Адамдар көп жүретін қарбалас кезді айтпай-ақ қояйын. Жүргізушілерге обал. Әсіресе, таңғы және кешкі уақыттарда автобустардың қатынау жиілігін арттыру қажет, – дейді жергілікті тұрғын Райхангүл Ақбергенова.
Тағы бір өзекті мәселе – мектептердегі орын саны. Биыл Қосшы қаласындағы № 2 орта мектепке бірден 600 бала барғаны белгілі, ал бірінші сыныптар саны 1 «Ы» сыныпқа дейін жеткен.
– Оқу жылының соңына дейін екі ауысымдық 1200 орындық жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Ал келесі жылы тағы бір жаңа мектеп беріледі, ол да 1200 оқушыға арналған. Бұдан бөлек, «Nur Otan» партиясының сайлауалды уәделері аясында аталған қалада 2023 жылға дейін тағы да бірнеше мектеп салу жоспарлануда, – деді Қосшы әкімінің орынбасары Берген Жұмкей.
Көшпелі мәжіліс барысында тұрғындар сумен қамту мәселесін де қозғады. Көптеген пәтерлерде судың арыны әлсіз, сондықтан көбінесе алдын ала су жинап алуға тура келеді. Суды үздіксіз беру үшін билеуші партияның сайлауалды бағдарламасы аясында Ақмола облысының Целиноград ауданы бойынша 118 км инженерлік желі тарту жоспарланған, ол 3,5 мыңнан астам тұрғын үйді қамтуға мүмкіндік береді.
– Қаламызда суды пайдаланушылардың 70% – «Лесная поляна» және «Нұрай ТК тұрғын үй алабының тұрғындары. Аталған үйлердің тұрғындарын үздіксіз сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ Қосшыны резервтік сумен қамту үшін Қаражар ауылынан Қосшы қаласына дейін сутартқыш салу жоспарлануда. Оны салуды келесі жылы бастау көзделуде, – деді Берген Жұмкей.