Алматының Бостандық ауданында орналасқан кафе мемлекеттік аукционда сатылмай қалды. Бұған дейін нысан қылмыстық топтың жетекшісі ретінде сотталған Елдос Қоспаевтың жақын серіктерінің бірі Ерлан Имашевқа тиесілі болған, деп хабарлайды dalanews.kz.
За нами уже выехали телеграм арнасының мәліметінше, нысанды Алматы қаласының Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті саудаға шығарған. Бағалаушылар кафенің бастапқы құнын 264,3 млн теңге деп белгіледі.
Айта кетейік, Ерлан Имашев бұл ғимаратты 2021 жылдың шілдесінде "АТФБанктен" 40 млн теңгеге сатып алған. Бұл - қазіргі бағалау құнынан 6,6 есе төмен. Арада бір жыл өткенде құқық қорғау органдары Қоспаевтың қылмыстық тобына қатысты тергеу жұмыстарын бастаған.
Аумағы 258 шаршы метр болатын кафе бүгінде жұмыс істемейді. Ғимараттың кірпіш қаптамасы үгітіліп, қараусыз қалған залда ыдыс-аяқ шашылып жатыр. Бағалаушының қорытындысында нысанның ішкі бөлігіне жөндеу жүргізу қажет екені көрсетілген.
Сот дерегіне сәйкес, 2019 жылы Қоспаев пен оның сыбайластары Profit Trade Ltd компаниясының иелерін кәсіпорындағы 40 пайыздық үлесін Имашевқа беруге мәжбүрлеген.
Кейін Имашев Қоспаев және Шалинмен бірге шетелге қашқан. 2023 жылдың қыркүйегінде үшеуі Солтүстік Кипрден Қазақстанға жеткізілді.