Қосымша құн салығына қатысты дау: Тайжан бес маңызды ұсыныс айтты

Көркем Алдабергенова 30 қаң. 2025 10:47 1278

Белгілі қоғам қайраткері, саясаткер Мұхтар Тайжан Қазақстанда қосымша құн салығының көбеюіне қарсы шығып, оның орнына бірнеше ұсыныс айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.  

Мұхтар Тайжанның сөзінше, біріншіден, “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорын, сондай-ақ оның қажетсіз еншілес, "немерелік" және "шөберелік" ұйымдарын, ең алдымен, Қазақстан даму банкі мен «Даму» қорын тарату қажет. Бұл компанияларға жұмсалатын шығын жылына триллион теңгелерді құрайды.

"Екіншіден, табиғи мемлекеттік монополияларды тікелей бейінді министрліктерге бағындырып, олардың табысын тікелей мемлекеттік бюджетке аудару. Бұл шараның нәтижесінде мемлекеттік қазынаға 2 триллион теңгеден астам қаржы түсер еді, ал қазір ол “Самұрық-Қазына” холдингінің шоттарында жиналып жатыр. Үшіншіден, ауыл шаруашылығына субсидияларды тоқтату немесе едәуір қысқарту қажет. Соңғы бес жылда осы бағытқа 15 триллион теңге жұмсалды", дейді саясаткер.
Төртіншіден, шикізат экспорттаушыларына ҚҚС қайтару тәжірибесін тоқтату қажет, өйткені бұл да триллион теңгелерге тең қаржы. Ал, бесіншіден, футбол, хоккей, велосипед командаларын және басқа да осы тектес ұйымдарды қаржыландыруды тоқтату. Себебі бұл салаға да жүздеген миллиард теңге бөлінеді. 
 
"Бұл ұсыныстар – айқын көрініп тұрған шаралар. Әлі де басқа жолдары бар. Сонымен қатар, ҚҚС мөлшерлемесін 20%-ға дейін көтеру және оны шағын және микробизнеске тарату бюджетке қосымша 7,5 триллион теңге түсімін қамтамасыз етпейді деп қорқамын. Адамдар бизнесін бөлшек немесе қолма-қол есеп айырысуға көшіп кетуі мүмкін", дейді Тайжан. 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар