Қазақстан үкіметі биыл қорғаныс саласына жұмсалатын қаржыны айтарлықтай арттырды. Билік қаңтар оқиғасы, Ресей мен Украина арасындағы соғыстан кейін әскери дайындықты арттыруға және төтенше жағдайға жауап беретін күш құрылымдары мен мекемелерді техникалық жабдықтау үшін қосымша 441 млрд теңге (1 млрд АҚШ долларына жуық) бөлуді көздеді.
Яғни, бұл Қорғаныс министрлігінің 2022 жылға жоспарлаған жалпы шығындарымен салыстырғанда айтарлықтай көп.
Кейбір мәліметтерге сәйкес, Қазақстан Украина тәжірибесін басшылыққа ала отырып, армияны кәдімгі «гибридтік соғысқа» дайындауды жоспарлағанға ұқсайды. Әрине, бұл әңгіменің тектен тек шықпағаны белгілі. Себебі, Қазақстан сақтық шарасын қолға алып, жан-жақты дайындық шарасын пысықтамаса болмайды.
Халықаралық әскери сарапшылардың пікірінше, Қазақстан билігі Украинаның Ресейге дес бермей, соғыста қарсыласа түсуінен сабақ алу керек. «Ол үшін билік әскери салаға түпкілікті реформа жасап, «гибридті соғысқа» дайындығын күшейтуі тиіс» дегені біраз жайттан хабар береді.
Шын мәнінде, Қазақстан армиясының жағдайы қалай? Елдің қауіпсіздігі мен тұтастығын сақтауға қауқары жете ме?
Бұл сауалға келгенде біраз күмілжіп қалатынымыз шындық. Ал бүгінгідей алмағайып заманда қорғаныс саласы берік болмаса, ел іргесінен тыныштық кетуі әбден мүмкін.
Сол себептен де қорғаныс саласын қосымша қаржыландырудың едәуір бөлігі күш құрылымдары санын ұлғайтуға және материалдық-техникалық базаны, сондай-ақ әскери-транспорттық авиация паркін толықтай жабдықтауға бағытталып отыр.
Лондондағы Халықаралық стратегиялық зерттеулер институты шығаратын The Military Balance жыл сайынғы анықтамалығының 2021 жылғы деректеріне сүйенсек, Қазақстан тұрақты әскер саны бойынша әлемде 166 елдің ішінде 70-ші орында тұр.
Мұнымен қоса Қазақстан армиясында 39 мың адам еңбек ететіні жазылса, тағы 31,5 мың адам тұрақты әскерлерге қатысы жоқ әскерилендірілген құрамдағы мекемелерде есепте тұр.
ТМД елдерінің ішінде 2021 жылғы әскер саны бойынша рейтингте Ресей (5-орын), Украина (21-орын), Әзірбайжан (41-орын), Өзбекстан (63-орын), Беларусь (64-орын) және Армения ( 66 орын) жайғасқан.
Шын мәнінде, кешегі қаңтар оқиғасы, Ресей мен Украина арасындағы соғыс өрті, Әзірбайжан мен Армения шекарасындағы қақтығыс Қазақстанды да бейқам жатқыза алмайды.
Себебі, бұл саладағы мамандар әлеуметтік, экономикалық жағдайдың да мәз еместігін талай айтқан. Ол ол ма, қару-жарақ қоры да әлсіз. Айналып келгенде, бәріне қаржы жетіспейді. Алда-жалда соғыс өрті тұтана қалса, әскерлердің дайындығы да төмен. Тіпті, осы саладағы кәсіпорынды дамытуға құйылатын инвестиция көлемі де мардымсыз екен. Мұны алысқа бармай-ақ, қорғаныс шығыстары рейтингінде көштің соңында тұрғанымыз дәлелдей алады.
Демек, қорғаныс саласына түбегейлі реформа жасайтын уақыт келді. Әскери дайындық жұмысын жолға қойып, күш құрылымдарын жаңа технологиямен жабдықтау кезек күттірмейтін мәселе.
Қазақстан президенті Қ.Тоқаевтың мамыр айында Түркияға барып, елімізде шабуылдаушы ұшқышсыз ұшу ұшақтарын бірлесіп шығару туралы келісімге қол қойғаны да сондықтан.