“Қорыққанымнан, не істерімді білмедім”: Әбдіғаппаров Қоспаевтың қалай қоқан-лоқы көрсеткенін айтты

Қаракөз Амантай 30 қаң. 2024 16:46 5433


Кәсіпкер Алмас Әбдіғаппаров ordanews.kz берген сұқбатында өзінің қуғынға ұшырау оқиғасымен және кәсібінен рейдерлік жолмен қалай қағылғанын баяндап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.


Ұрлық ісі 2021 жылы бір беттік мәлімдеме негізінде ашылған. Ал заң бойынша кез келген ұрлық аудиторлық қорытындымен расталып, келтірілген залал мөлшері нақты көрсетілуі тиіс болатын. Алайда мұндай дәлелдердің ешқайсысы қажет болмаған. Алматы полиция департаменті мәлімдемені сабырлы түрде қабылдап, қылмыстық іс қозғайды.



“Олар мені үстіңізден іс қозғалып жатыр деген мақсатпен сұрақ қоюға шақырған емес. Ал арызымды берген күні бір аптадан кейін мені ұстады. Екі күннің ішінде сот отырысы болып, мені екі ай қамауға алды. Осылайша қылмыстық іс қозғалып, 420 миллион теңгені құрайтын біраз шығын келтірілді. Осы ретте менің адвокаттарым 517 миллион кепілмен үйқамаққа босатуды сұрады. Сотқа келтірілген залалдың барлығын өтейтін нақты активтер бар. Бірақ сот бас тартты. Ал прокурор “сен көпшілікке белгілі тұлғасың. Бұл өз кезегінде қоғамға қауіпті” деген уәж айтты. Тергеуге қолайлы жағдай жасап, мені екі айға қамап қойды”, дейді Әбдіғаппаров.



Осы кезде кәсіпкер Esentai City құрылысына жеке кепілдікпен 20 миллион долларға несие алғанын айтады.


“Несиенің барлық сомасына банк алдында жеке жауап беретін болсам, миллион долларды ұрлаудың мәні неде? Бұл дәлелдер тыңдалмады. Мұны сот менің пайдама шешкен жоқ. Өйткені Қоспаев сияқты адамдардың мүмкіндіктері мен байланыстары шексіз. Ол Алматы қаласының прокуроры Жүйріктаевпен жақын дос болғанын әрі ішкі істер басқармасының бастығы Таймерденовпен жақсы қарым-қатынаста болғанын мақтан тұтатын”, дейді ол.


Кәсіпкердің айтуынша, жоба 2016 жылдың басынан бері жоспарланған. Тіпті бірнеше ай бойы талқыланғанын да алға тартты.


“Бұл толығымен менің идеям мен келісімдерім. Қателеспесем, қыркүйекте Казкоммерцбанкпен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойдым. Келісімшарт жасасқан соң Достан Әбіжанов мені Елдос Қоспаевпен (Болат Назарбаевтың көмекшісі) және Бекзат Үсеновпен (Құндыз Назарбаеваның күйеуі) кездесуге шақырды. Ол инвестиция құюға қызығушылық танытқандар бар екенін айтты. Алайда Қоспаев әр нәрсеге агрессивті көзқараспен қарады”, дейді Әбдіғаппаров.


Кездесу барысында екінші тарап кәсіпкерге ашық түрде қоқан-лоқы көрсеткен. Оған бұл жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік те, рұқсат та берілмейтінін айтқан. Тіпті түрмеге отырғызамыз немесе басқа да қиын мәселелер туындайтынын айтып тікелей шабуыл жасаған. Ал бұл адамдар жобаға қосылған жағдайда ешқандай қиындық болмайтынын айтып сендірген екен.



“Олар 50%-ын сұрады. Осыдан кейін дұрыс жұмыс істей алатынын жеткізген. Мен қалай бұдан бас тарта аламын? 2016 жылы тағы қандай таңдау болды? Бұл мен үшін үлкен қауіп болды. Сондықтан қорыққанымнан, не істерімді білмедім. Нәтижесінде бұл әңгіме олардың 40 пайызға келісуімен аяқталды. Яғни, 10 пайызы Қоспаевқа, 30 пайызы мен ешқашан өз көзіммен көрмеген Назарбаевқа берілді” деп жеткізді кәсіпкер.




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар