Қорғаныс министрлігі әскерге шақырылатын сарбаздарды медициналық тексеруге қатысты пікір білдірді

Dalanews 08 қаң. 2026 19:50

Қорғаныс министрлігі маңызды мәлімдеме жасады. Әскерге шақырылатын азаматтарды жергілікті дәрігерлерден құралған комиссия медициналық тексеруден өткізіп, олардың әскери қызметке жарамдылығын анықтайды екен, деп хабарлайды Dalanews.kz

Азаматтарды әскерге шақыруды ұйымдастыру және қамтамасыз ету өз құзыреті шегінде жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Әскерге шақыру комиссиясының төрағасы – облыс әкімінің орынбасары. Шақырылатын азаматтардың тізімін жасау, шақыртуларды жіберу және шақырылым іс-шараларын ұйымдастыру жергілікті әскери басқару органдарының міндетіне жатады. Әскерге шақырылған азаматтар комиссиясының шақыруымен жиын пунктіне келуге міндетті.

Егер шақыртуды жеке тапсыру мүмкін болмаса, азаматтарды жеткізу міндеті ішкі істер органдарына жүктеледі. Олар әскерге шақырудан жалтарған адамдарды іздеп, жеткізумен айналысады. Жергілікті атқарушы органдар полициямен бірлесіп әскерге шақыру ережесін бұзған азаматтарды анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Шақырылған азаматтар жиын пунктінде өзінің әскерге жарамдылық мәртебесі бойынша тексеруден өтеді.

Медициналық тексеру денсаулық сақтау органдарының мамандары арқылы жүргізіліп, сарбаздардың денсаулығы бағаланады, жарамдылық категориясы анықталады және олардың мерзімді әскери қызметке жарамдылығы туралы шешім қабылданады.

Заңды негіздер болса, азаматтарға әскерден кейінге қалдыру немесе босату беріледі. Басқа жағдайларда олар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа әскерлерге және әскери құралымдарға мерзімді әскери қызметке жіберіледі.

Айта кетейік, 18-ден 27 жасқа дейінгі, әскерден кейінге қалдыру немесе босату құқығы жоқ азаматтарды әскерге шақыру жылына екі рет – наурыздан маусымға және қыркүйектен желтоқсанға дейін жүргізіледі.

Естеріңізде болса, Шымкент қаласында бір ай бұрын әскерге кеткен сарбаз қайтыс болған. Әскерге шақырту кезінде медициналық тексеру комиссиясы "әскерге жарамды" деген қорытынды берген. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар