Қордайда 2 жасар бала балабақшадағы бассейнге батып кетті

Қордайда 2 жасар бала балабақшадағы бассейнге батып кетті
Видеодан кадр: журналист Руслан Өтепбайдың парақшасынан алынды

Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты Қалғұты ауылындағы балабақшада қайғылы жағдай болды. Екі жас екі айлық бүлдіршін мекеме ауласында тұрған үрлемелі бассейнге батып, көз жұмған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы журналист Руслан Өтепбай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Марқұм баланың анасының айтуынша, оқиға кезінде балабақша қызметкерлері бүлдіршінге тиісті деңгейде қарамаған. Оның сөзінше, бала қараусыз қалып, ауладағы бассейнге түсіп кеткен.

Қара жамылған отбасы оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты әрі объективті тергелуін талап етіп отыр.

"Баламның өліміне кімнің жауапты екенін анықтап, қызметіне салғырт қараған және қауіпсіздік талаптарының сақталуына жауапты тұлғалар заң алдында жауап берсін", – дейді баланың жақындары.

Отбасы бүлдіршіннің бассейнге қалай түскенін, сол сәтте тәрбиешілердің қайда болғанын және балалардың қауіпсіздігіне нақты кім жауапты болғанын анықтауды сұрайды.