Қарағанды облысы Шет ауданы Қайрақты ауылының тұрғындары видеоүндеу жасады. Тұрғындар жергілікті халыққа ешқандай көмек көрсетілмей жатқанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Қайрақты ауылының тұрғындары жиналып, үкімет басына, аудан және ауыл әкіміне жолдауымызды жіберейік деп едік. Ауыл азаматтарының уәжі бар: ауылды су басып кетті, ешқандай көмек жоқ: Кеше әкелді тастады халықты. Үйлері су. Жас балалары шетінен ауырып жатыр. Жол жоқ. Халықта отын да, су да ағып кетті. Көмек жасайтын әкімдіктен еш көмек болып жатқан жоқ. Халықтың жағдайын сұрамайды. Халық не істерін білмей абдырап жүр. Қонатын жер жоқ.
Бұл Үкімет бізге қашан көмектеседі? 2015 жылы су тасыған кезде дәл осылай алдап тастап кеткен. Келешекте құлап жатқан үйлеріміз бар, кеткен малымыз бар, қорамыз бар. Соны біздің әкімдік тексеріп, қашан өтеп береді? Алдап кетіп жатыр. Қағаз жүзінде оны ешкім келіп тіркеп жатқан жоқ. Бұл халықтың жанайқайы», - дейді ауыл тұрғындары Qaz365.kz редакциясына.
Айта кетейік, бұған дейін ТЖМ Қарағанды облысында су тасқынына қарсы қандай шаралар қабылданып жатқанын айтқан болатын.
Самарқанд, Интумак, Шерубай - Нұра су қоймаларынан су ағызудың ұлғаюына байланысты, елді мекендерде біліктерді нығайту және қаптарды төсеу бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Тұрғын алаптардың су басуына жол бермеу мақсатында 19 мың м3 астам еріген су сорылған. Елді мекендерде 52955 қап төселіп, 60 тонна инертті материалдар құйылды.
ТЖД, ПД, ҚМ, ЖАО және ұйымдардың күштері мен құралдары жұмылдырылған.