Қонаев қаласындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген 2006 жылы туған сарбаз төртінші қабаттан құлап, ауыр жарақат алды. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Криминальный Казахстан" телеграм арнасының мәліметінше, сарбаз қызметке шақырылғаннан бері отбасымен тұрақты байланыста болған және әскери өмірге қатысты ешқандай шағым айтпаған. Оқиғаға дейін көп ұзамай ата-анасы оған арнайы барып қайтқан.
"Ұлымыз бізбен үнемі хабарласып тұрды. Қызметіне де, денсаулығына да қатысты ешқашан шағымданған емес. Жақында ғана барып көріп қайттық, бәрі жақсы сияқты көрінген еді", - дейді жақындары.
Алдын ала мәліметке сәйкес, әскери қызметші бірнеше қабырғасынан айырылып, өкпесі, бүйрегі және қуық тұсынан ауыр жарақат алған.
Алайда сарбаздың туыстары оның терезеден өздігінен құлап кеткені туралы болжамға күмәнмен қарайды. Олар оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты әрі әділ тергелуі қажет деп есептейді.
"Біз оның өз еркімен терезеден құлағанына сенбейміз. Әскери бөлімдегі бейнебақылау камераларының жазбалары жарияланып, оқиғаға толыққанды әрі объективті тергеу жүргізілуін талап етеміз", - дейді сарбаздың жақындары.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.