Қонаевта қысқы дрифт шоу өтіп жатыр

Сағыныш Сардарова 18 қаң. 2025 14:41 387

Бүгін Қонаевтағы туристік-спорттық ойын-сауық кешені ASP Arena-да қысқы дрифт шоу өтіп жатыр. Шара 16 қаңтар күні басталған. Бүгін ақтық мәре өтуде.

Шараны тамашалауға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев те келді.

Дрифт шоу үшін ауданы 20 600 шаршы метрді құрайтын Орта Азиядағы ең үлкен мұз айдыны ашылды.

Көлік жарысына әлемнің түкпір-түкпірінен жүргізушілер жиналған. Көрермен үшін мейрамхана жұмыс істеп тұр және тегін ыстық шай, кофе ұйымдастырылған.


Сыйлық қоры жекелей қатысушыларға 1000 АҚШ доллары мен командалық есепте 2000 АҚШ долларын құрап отыр. Дрифт шоудан кейін AFTERPARTY өтеді. Оның хедлайнері – Нигатив және V$XV PRiNCE.

Сондай-ақ бүгін Қонаев қаласының әкімдігі білім, спорт және әлеуметтік қорғау басқармаларымен бірлесіп, 500 балаға тегін коньки тебу демалысын ұйымдастырды.

Жалпы ASP arena - Қонаевта жүзеге асып жатқан ірі инвестжобаның бірі. Арена аумағында қонақ үй кешені, мейрамхана, картинг, 3200 көрермен сиятын трибуна салынған. Жалпы аумағы 63 гектарды құрайды. Тартылатын инвестиция көлемі - 8,1 млрд.тг. Аталған нысан қалада туризмді, автоспортты дамытуға ерекше мүмкіндік береді. Инвесторлардың сөзінше, бір күндік демалысқа жатын орын, мұз айдынына кіру, мейрамхана, картинг қосқанда 35000 теңге жұмсалады. Бағалар - қолжетімді.

Естеріңізде болса, мұнда былтыр жазда дрифт шоу және Rock festival өткен болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар