Қоғамда қызу талқыланып жүрген пікірлерімен танылған Танагөз Толқынқызы әлеуметтік желіде тағы бір өткір жазба жариялап, қоғамдағы әділет, құндылық және ұлттық сана мәселесін ашық көтерді, деп хабарлайды Dala News.
Бұл жолғы жазбасында автор қоғамдағы ең ауыр сұрақтардың бірін тік қояды – неге қоғамда адал, арлы, халықты соңынан ертетін тұлғалар аз, неге адамдар принциптен бұрын пайдасын ойлайды.
«Өкінішке қарай, бізде сатылмайтын адам жоқ. Бәрінің мойнында бағасы жазылған бирка тұр», – деп жазады ол.
Автор қоғамдағы адамдардың «құны» түрлі нәрсемен өлшенетінін ашық айтады: біреу үшін – жалақы, біреу үшін – қызмет, біреу үшін – тендер, тіпті қарапайым пайда.
Оның айтуынша, мұндай қоғамда өзгеріс болуы қиын, себебі адамдар өзгеріс үшін құрбандыққа дайын емес.
«Өзгеріс сен өлуге дайын болғанда келеді. Бірақ ешкім өлгісі келмейді», – дейді ол.
Жазбада автор өткен тарихқа да тоқталып, Алаш қайраткерлерінің күресін мысалға келтіреді. Ахмет Байтұрсынұлының отбасы көрген қасіретті еске ала отырып, тәуелсіздік оңай келмегенін айтады.
Сонымен қатар ол қазіргі ұрпақтың сол күрестің бағасын түсінбей отырғанын ашық сынайды.
«Сен сол тәуелсіздікті сақтау жолында не істедің? Ештеңе де істеген жоқсың», – деп жазады автор.
Танагөз Толқынқызы қоғамдағы тағы бір маңызды мәселеге – тіл мәселесіне ерекше назар аударады. Оның пікірінше, ұлттық болмыстың ең басты көрсеткіші – тіл, бірақ бұл бағытта да қоғамда табандылық жоқ.
«Сен өз балаңды ең болмаса қазақ мектебіне берген жоқсың. Онымен қазақ тілінде сөйлеу жауапкершілігін де мойныңа алмадың», – дейді ол.
Автор өз тәжірибесінен мысал келтіріп, қазақ мектебіне берген ата-аналардың өзі үйде орысша сөйлейтінін сынға алады.
Жазбада Махатма Гандидің өмір жолы кеңінен мысал ретінде келтіріледі. Автор Гандидің зорлықсыз күрес философиясын қазіргі қоғаммен салыстырады.
«Ол әлемді күшпен емес, ар-ождан арқылы жеңді», – деп атап өтеді ол.
Гандидің «Тұз жорығы», түрмеден қорықпауы, принциптен таймауы – бәрі қоғам үшін үлгі ретінде ұсынылады. Автордың айтуынша, нағыз күрес – сыртқы емес, ішкі күрес.
Жазбаның ең өткір тұсы – автордың қазіргі қоғамға тікелей үндеуі.
«Ал сенің ұлы жорығың – қазақ тілінде сөйлеу», – дейді ол.
Ол адамдарды өз тілінде еркін, намыспен, табандылықпен сөйлеуге шақырады. Тілді білу емес, оны ұстанымға айналдыру керек екенін айтады.
Автордың пайымынша, қоғамдағы басты мәселе – сыртқы жағдай емес, ішкі әлсіздік.
«Өзіңді өзгертпей, қоғам өзгермейді», деген ой жазбаның негізгі өзегіне айналған.
Желі қолданушылары бұл жазбаға қызу пікір білдіріп жатыр. Бірі авторды қолдап, қоғамдағы шындықты айтты десе, енді бірі мұндай көзқарасты тым радикалды деп бағалауда.
Дегенмен, жазба қоғамдағы ең ауыр әрі маңызды сұрақтарды тағы бір мәрте күн тәртібіне шығарды.