Қоғам белсендісі Шардарада 43 млн теңгеге салынған нысандардың сапасын сынға алды

Қоғам белсендісі Шардарада 43 млн теңгеге салынған нысандардың сапасын сынға алды
Фото: видеодан скрин

Журналист әрі қоғам белсендісі Ләззат Асанова Түркістан облысы Шардара ауданы Көксу ауылында бюджет қаржысына салынған екі нысанның қазіргі жай-күйін сынға алды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, ауылдағы орталық саябақ пен спорт алаңына бюджеттен жалпы 43 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Оның ішінде орталық саябаққа – 19 миллион теңге, ал спорт алаңына – 24 миллион теңге жұмсалған.

"Жоба бойынша саябақта сахна, алтыбақан, киіз үйлер мен демалыс аймағы болуы тиіс болған. Алайда бүгінде киіз үйлер жоқ, алтыбақан толық аяқталмаған, ал саябақтың өзі қараусыз қалғандай әсер қалдырады", - деді ол. 

2024 жылы пайдалануға берілген спорт алаңының да қазіргі жай-күйі көңіл көншітпейді. Белсендінің сөзінше, арада көп уақыт өтпей жатып спорт құрылғылары тозып, турник пен брусьялар ескіре бастаған.

"Ең басты сұрақ – бұл нысандарды қабылдап алған комиссия қайда қарады? Халықтың ақшасына салынған нысандар осындай жағдайда болса, оған тек мердігер ғана емес, қабылдау актілеріне қол қойған жауапты тұлғалар да жауап беруі тиіс", - деді Ләззат Асанова.

Сондай-ақ ол құзырлы органдарды аталған жобаларды жан-жақты тексеруге шақырды.

"Мемлекеттік аудит, прокуратура және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұл жобаларды толық тексеріп, бөлінген қаржының әр теңгесіне құқықтық баға беруі қажет. Халықтың ақшасы - халықтың аманаты. Оның әр теңгесі үшін жауапкершілік болуы керек", - деп мәлімдеді қоғам белсендісі.