ҚМГ басшысы Павлодар МХЗ-ның жұмысын тексерді

Dalanews 08 мау. 2024 16:48 6151

8 маусымда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Павлодарға жұмыс сапары барысында, Павлодар мұнай-химия зауытының (ПМХЗ) технологиялық кешендерімен танысып, өндірістік мәселелер бойынша жиналыс өткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Зауыт қызметі мен 17 маусымда басталып бір айға созылатын жоспарлы алдын алу жұмыстарына (ЖААЖ) дайындық мәселелері басшылықтың басты назарында болды.

2024 жылдың 5 айында ПМХЗ шамамен 2,5 млн тонна шикізатты қайта өңдеп, шамамен 730 мың тонна бензин, 807 мың тонна дизель өндірді. Битум бойынша өндіріс көлемі 130 мың тоннаны, мазут бойынша — 217 мың тоннаны, сұйытылған газ бойынша — 147 мың тоннаны, авиаотын бойынша — 113 мың тоннаны құрады. Зауыт көптеген көрсеткіштер бойынша жоспардың асыра орындалғанын көрсетуде.

«ПМХЗ-ның тұрақты және сенімді атқаратын қызметі ішкі нарықты әлеуметтік маңызды мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Қауіпсіздік техникасы талаптарының барлық нормаларын сақтай отырып, 2024 жылғы жоспарлы алдын алу жұмыстарын бекітілген мерзімде сапалы жүргізуді қамтамасыз ету қажет», — деп атап өтті Асхат Хасенов жөндеуді мерзімінен бұрын аяқтау мүмкіндігін қарастыруды тапсыра отырып.

Еліміздегі мол жанар-жағар май қорының қалыптасуына байланысты ЖААЖ өңірлерді мұнай  өнімдерімен қамтамасыз етуге әсер етпейді.

Сонымен бірге жиналыс барысында ағымдағы жылдың қаңтар айында ПМХЗ-ның битум өндіру қондырғысында жаңа пештің сәтті іске қосылуы, өнім шығаруды 11%-ға арттыруға мүмкіндік бергендігі ‒ маусымдық жол-құрылыс жұмыстары кезеңінде маңызды болғандығына тоқталды.

Мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін өндіру тереңдігін арттыруға бағытталған негізгі жобалар да талқыланды. Оның ішінде бензин және дизель отынын өндіруді арттыруға септігін тигізетін — дизель отынын гидротазарту қондырғысын қайта жаңарту және сутегі өндіру қондырғысын салу жобалары бар.

Асхат Хасенов зауытта жұмысшылардың моральдық ахуалы мен әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын сақтау бойынша тұрақты жағдай қалыптасқандығын атап өтті.

ҚР Экологиялық кодексіне сәйкес 2025 жылғы 01 қаңтардан бастап ең үздік қолжетімді технологиялар (ҮҚТ) нормаларымен кешенді экологиялық рұқсаттың (КЭР) болуы туралы талап күшіне енеді. Осыған байланысты зауыт басшылығына КЭР-ді тиісті мерзімде алуды бақылау тапсырылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар