ҚМА: 176 млрд теңгені заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырған 44 желі анықталды

ҚМА: 176 млрд теңгені заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырған 44 желі анықталды
pixabay.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады. Кездесуде агенттіктің 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмысының қорытындылары таныстырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жанат Элимановтың мәліметінше, есепті кезеңде 496 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, жәбірленушілерге келтірілген 22,6 млрд теңге көлеміндегі шығын өтелген.

Сондай-ақ жеті қылмыстық топтың, оның ішінде төрт трансұлттық топтың қызметі тоқтатылып, 176 млрд теңгеден астам қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырған 44 желі әшкереленген.

Агенттік есірткі бизнесі мен алаяқтықтан түскен табысты заңдастыруға пайдаланылған 12 жасырын криптоайырбастау пунктін жойып, өз есепшоттары арқылы 113 млрд теңге өткізген 36 дропперлік топты анықтаған.

Сонымен қатар ТМД елдері аумағында алғаш рет ұялы байланыс операторларының жұмысын имитациялайтын және фишингтік SMS-хабарламаларды жаппай тарататын арнайы құрылғыны пайдаланған күдіктілер ұсталған.

Қаржылық мониторинг агенттігі бюджет қаражатын бақылау барысында 52 инфрақұрылымдық жоба бойынша 279 млрд теңгенің негізсіз жұмсалуына жол бермегенін хабарлады. Бұдан бөлек, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру кезінде 10 млрд теңге көлеміндегі мемлекеттік қаржының жымқырылу қаупі анықталған.

Ведомствоның мәліметінше, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаражат алу үшін жекеменшік клиникалар 140 мың азаматтың жалған тіркеу деректерін пайдаланған.

Алдын алу шаралары аясында заңсыз ойын бизнесіне қатысты 9 мың сайт пен аккаунт, алаяқтық мақсатында ашылған 2,3 мың интернет-ресурс және 35 мыңнан астам қатысушысы бар 25 чаттың қызметі тоқтатылған.

Жанат Элимановтың айтуынша, қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған іс-шараларға 245 мыңнан астам азамат қатысқан. Сонымен қатар салалық заңнаманы жетілдіру нәтижесінде Қазақстанның FATF-тың төрт негізгі ұсынымы бойынша рейтингтегі көрсеткіші жақсарған.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметіне қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.