Баспагер Шыңғыс Мұқан Қыздар педагогикалық университетіндегі (ҚызПУ) Coffee Book жобасына қатысты мәселе көтерді. Оның айтуынша, университеттің жаңа басшылығы UniSpace алаңында орналасқан Coffee Book-тың келісімшартын ұзартпай, орынды босатуды талап етіп отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Шыңғыс Мұқанның жазбасына сүйенсек, бұл жоба бір жыл бұрын сол кездегі ректор Гүлмира Қанайдың «қыздарға кітап оқытуға жағдай жасайық» деген ұсынысымен іске қосылған. UniSpace алаңы ҚызПУ-дың жаңа корпусында ашылып, жобаның тұсаукесеріне Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бастаған зиялы қауым өкілдері қатысқан.
Баспагердің мәліметінше, Coffee Book жобасына 10 млн теңге жеке қаражат салынған.
Алайда университетке жаңа ректор - Бейбіткүл Каримова тағайындалғаннан кейін, оқу орны тарапынан келісімшартты ұзартпау жөнінде талап қойылған.
"Мемлекеттің нашар менеджер екенін білеміз, ал серіктес ретінде де сенімсіз екенін осылай тағы көріп отырмыз", - деп жазды Шыңғыс Мұқан.
Қазіргі таңда университет басшылығы бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Dalanews.kz ҚызПУ әкімшілігінің позициясын нақтылау үшін сауал жолдады.
UPD: соңғы деректер бойынша,ҚызПУ Coffee Book-пен келісімшартты тағы бір жылға ұзартқан.
