Қызылордада киік аулаған екі адам бірнеше жылға сотталып кетті

Қаракөз Амантай 14 қаң. 2025 12:04 587

Қызылорда облысында екі тұрғын заңсыз киік аулағаны үшін 6 және 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тергеу материалдары бойынша, олар автокөлікпен киіктерді қуып, оқ атып, заңсыз аулаған. Тексеру кезінде көліктерінен 30 келіден астам киік еті мен 5 киіктің басы табылған. Сараптама нәтижесінде мемлекетке 80 миллион теңгеден астам шығын келгені анықталды. Сотталушылар бұл соманың 3 миллион теңгесін өтеген.

Соттың хабарлауынша, сотталушылардың бірі құқық қорғау органдарының қызметкері болған. Ол қызметтік антын бұзып, қылмыс жасағаны үшін оның жазасы ауырлататын мән-жай ретінде ескерілген.

“Сот екі азаматты Қылмыстық кодекстің 337-бабы, 6-бөлігі, 2)-тармақшасы бойынша кінәлі деп танып, әрқайсысын 7 және 8 жылға аң аулау құқығынан айыра отырып, 6 және 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ оларға мемлекетке келтірілген 77 миллион теңгеден астам материалдық шығынды өтеу міндеттелді. Қызылорда облыстық соты бұл үкімді өзгеріссіз қалдырды”, – делінген Жоғарғы соттың ресми хабарламасында.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар