Қызылорда облысындағы Ақбасты елді мекеніне ауыз су жеткізілді

Ақтоты Жапатова 26 мау. 2025 17:10

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Арал ауданына қарасты Ақбасты елді мекеніне ауыз су қосу рәсімі өтті,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Басқосуға Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, жауапты сала басшылары, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Аймақ басшысы тұрғындардың өмір сапасын арттыруда атқарылған жұмыстарға тоқталып, құттықтауын жеткізді.

«Бүгін - аралдық ағайын үшін айтулы күн. Ақбасты ауылына таза ауыз су қосамыз.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкімет пен облыс әкімдеріне мемлекет тарапынан жасалған барлық қолдауды тиімді пайдаланып, ауыл халқының табысын арттыру, тұрмыс-тіршілігін жақсарту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Өткен жылдың қорытындысымен облыс халқының 98,6 пайызына орталықтандырылған ауыз су қосылды. Биыл 9 елді мекенге ауыз су тартып, облыс тұрғындарын орталықтандырылған ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз етеміз. Оның ішінде, Арал ауданындағы Ақбасты, Абай, Тоқабай, Ерімбетжаға, Тастүбек елді мекендеріне 12 млрд 700 млн. теңге бөлінді.

Бүгін өздеріңізбен бірге Ақбасты ауылының тұрғындарына ауыз су қосу рәсімінде бас қостық. Жоба құны 3 млрд. 100 млн. теңге. Бұған дейін тұрғындар ауыз суды жерасты құдығынан тасымалдап, тұтынып келді. Енді сол қиыншылықтардың барлығы артта қалды. Президентіміздің қолдауымен ауыз су әрбір тұрғын үйге жеткізілді.

Ауыл тұрғындарын орталықтандырылған ауыз судың қосылуымен құттықтаймын!», - деді Н. Нәлібаев.

Рәсімде Нұржан Нұржігітов пен Берік Әбдіғалиұлы көптен күткен игіліктің іске асуымен құттықтап, қоғам қайраткері, Имамадин Оңғарбаев батасын берді. Ауданның дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар мен ауыз су тарту жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде жүргізген мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Айта кетейік, Арал ауданында барлық саланың даму қарқыны жыл сайын артып келеді. Екі жыл бұрын аудан бюджеті 10,1 млрд теңге болса, бүгінде 22 млрд теңгеден асты. Соңғы үш жылда 80 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды.

Аудан халқының 71 пайызы "көгілдір отынның" игілігін көруде. Аралдың Сыр беткейіндегі елді мекендерді газдандыру үшін Қамыстыбас елді мекенінен автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы басталды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы 10 мектептің 2-уі Арал ауданында салынды. Жаңа оқу жылында Сексеуіл кентіндегі «Жайлы мектеп» пайдалануға беріледі.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 3 амбулатория іске қосылды. Аталған жоба аясында Арал көпбейінді аудандық ауруханасының қосымша ғимараты мен жұқпалы аурулар бөлімшесінің құрылысы басталды. Облыстық бюджет қаржысына Сексеуіл кентінен 40 төсектік аурухана салынып, емделушілерге қызмет көрсетуде.

Өткен айда аралдықтар көптен күткен аспалы көпір ел игілігіне табысталды.

Елді мекенді ауыз суға қосу рәсімінен кейін аймақ басшысы тұрғындармен кездесті. Әлеуметтік-экономикалық дамудың бағыт-бағдары, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысы туралы айтып, ой-пікірлерді тыңдады. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар