Қызылорда облысында әйелін балтамен ұрып, мүгедек еткен мұғалімге сот үкімі шықты

Ақтоты Жапатова 01 шіл. 2025 11:44

Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Бала би ауылында отбасылық жанжалдың соңы ауыр қылмыспен аяқталды. Әйеліне балтамен шабуыл жасаған ер адамға сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Dalanews.kz

42 жастағы әйелге қастандық жасаған азамат — биология пәнінің мұғалімі. Ол ұйықтап жатқан әйеліне бірнеше рет балтаның сабымен және жүзімен соққы жасаған. Сотта оның қылмысы толық дәлелденді.

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың мәліметінше, күдікті Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3 және 5-тармақтары (аса қатыгездікпен адам өлтіруге оқталу) бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі жоғары қылмыстық-атқару жүйесінде өтейді.

Оқиға осыдан үш ай бұрын тіркелген.

"Ер адам ұйықтап жатқан әйеліне шабуыл жасаған. Балалардың оянып кеткенін көрген соң, қылмысын соңына дейін жеткізбей үйден шығып кеткен. Әйелін ес-түссіз күйде кішкентай қызы тауып алып, жедел жәрдем шақырған", - деді Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында.

Дәрігерлердің көмегімен жәбірленуші аман қалды, бірақ өмір бойына мүгедек болып қалған.

Жәбірленуші сот үкімімен келіскен. Ал сотталушының туыстары мұндай үкімге қарсы. Олар ер адамға тағайындалған жазаны тым қатал деп санайды.

Ерлі-зайыптылар 11 жыл отасып, бес бала тәрбиелеген. Прокурордың айтуынша, ауыр қылмысқа отбасындағы кикілжің себеп болған.

Қазіргі таңда балалар анасының қамқорлығында. Тиісті органдар тарапынан отбасыға психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар