Қазақстанда қыз алып қашуға қатысты жаза күшейтілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
16 қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекске жаңа 125-1-бап ("Неке қиюға мәжбүрлеу") енгізілді. Бұл норма бойынша адамды еркінен тыс некеге тұрғызу немесе бірге тұру мақсатында ұрлағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылады.
Енді мұндай әрекеттер ауыр қылмыс ретінде сараланады және кінәлілер жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал ауыр жағдайларда жаза 10 жылға дейін ұлғаяды. Бұрын жәбірленушіні өз еркімен жіберген жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен босатуға мүмкіндік беретін норма алып тасталды. Енді жәбірленушіні босатқанына қарамастан жаза тағайындалады.
"Жаңа өзгерістер күшіне енген сәттен бастап ішкі істер органдарының бөліністері Қарағанды, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында неке қиюға мәжбүрлеу деректері бойынша жеті қылмыстық іс қозғады. Жүргізілген шаралар нәтижесінде 15 адам ұсталды. Әрбір іс бойынша соталды тергеу жүргізіліп, қылмыстардың барлық мән-жайы анықталып жатыр. Ішкі істер министрлігі азаматтарды зорлық-зомбылық пен некеге мәжбүрлеу жағдайларына бейжай қарамауға шақырады. Мұндай деректер туралы ақпаратыңыз болса, дереу 102 нөмірі арқылы полицияға хабарласыңыз", - деді ІІМ өкілі.
                        
                            