Қытай Қазақстанда үшінші атом электр станциясын салады. Бұл туралы Үкіметтегі брифинг барысында премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Үшінші атом электр станциясын да Қытай салады. Қазір Атом энергетикасы агенттігі мен "Электр атом станциялары" ЖШС нысанның орналасатын орнын пысықтап жатыр. Станция жанында тұрақты су көзі болуы міндетті", – деді Скляр.
Оның айтуынша, биыл жауапты мемлекеттік органдар екі жаңа АЭС-тің нақты қайда салынатынын жариялайды. Айта кетейік, алғашқы станцияны "Росатом" Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылында салуды жоспарлап отыр.
Екінші АЭС-тің құрылысын қытайлық China National Nuclear Corporation басқаратын консорциум жүзеге асырады. Сарапшылардың мәліметінше, бұл станцияның ықтимал орны ретінде Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласы қарастырылып жатыр.