Қазақстанда қыркүйек айынан бастап мобильді аударымдарды бақылаудың жаңа талаптары енгізіледі. Биыл үш ай ішінде 1 миллион теңгеден асатын порог белгіленбек. Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтардың қандай жағдайда жасайтын аударымдары кәсіпкерлік қызметтен түскен табыс ретінде саналатынын түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
МКК баспасөз қызметінің хабарлауынша, егер бір адам үш ай ішінде өзінің банк шотына әртүрлі жіберушілерден 100-ден астам аударым қабылдаса, ол кәсіпкерлік қызметтен табыс ретінде қарастырылады.
Сонымен бірге, 100 түрлі тұлғадан түскен қаржы көлемі 12 ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) асуы тиіс. 2025 жылы ЕТЖ 85 000 теңге болғандықтан, бұл сома 1 020 000 теңгені құрайды.
Бақылау қалай жүргізіледі?
МКК мәліметінше, банктер белгілі бір мерзім ішінде аударым саны мен көлемі белгіленген критерийден асып кеткен жеке тұлғалардың деректерін мемлекеттік кірістер органдарына жіберіп отырады.
Одан кейін салық органдары алынған ақпаратты талдайды. Осылайша, жаңа ережелер көрсетілген шектен аспайтын қарапайым азаматтарға әсер етпейді.
Не болады?
Егер салық органдары кәсіпкерлік қызмет белгілерін анықтаса, азаматқа заңбұзушылықты жою жөнінде хабарлама жібереді. Хабарламаны орындау үшін оны алған күннен кейінгі күннен бастап 30 жұмыс күні беріледі.
Ал хабарламаны орындамаған немесе толық орындамаған жағдайда тақырыптық салықтық тексеру тағайындалады. Мұндай тексеру тек бір мәселе аясында ғана жүргізіледі.