[caption id="attachment_28664" align="alignright" width="267"] Бабанов[/caption]
Олар кімдер?
Үміткерлердің жалпы саны 25-ке жеткен. Өзін өзі ұсынушылар да, белгілі бір партиялардың атынан түсушілер де мол. Десе де, негізгі талас төмендергі төрт үміткердің арасында болады дейді қырғыз ақпараттары.
Біріншісі, «Республика - Ата-жұрт» партиясының лидері, бұрынғы прем-ер-министр, аты шетелге де танымал миллиардер Өмірбек Бабанов.
Екіншісі, қазіргі премьер-министр, Атамбаев жақтап отырған Сооронбай Жээнбеков.
[caption id="attachment_28665" align="alignleft" width="192"] Президенттікке үміткерлер[/caption]
Үшіншісі, «Ақ-Шумкар» партиясының басшысы, Қырғызстанның бүгінгі билікке қарсы оппозициялық тобы түгелге жуық қолдап отырған Темір Сариев.
Төртіншісі, «Онугуу-прогресс» партиясының төрағасы Бақыт Торобаев.
Сарапшылар осы төрт кандидат арасындағы бәсеке қазанның 15-інде өтетін сайлаудың көрігін қыздырады деп болжап отыр. Бабанов өзінің ақшасына сенгенімен, оның саяси элита арасында беделі тым жоғары емес көрінеді. Ал Жээнбеков болса қырғыз элитасы мен саяси белсенділер арасында «сенімсіз тұлға» қатарында аталатыны байқалады. Себебі ол бүгінгі биліктің «туындысы». Қырғыз ағайындар Атамбаевтың соңғы жылдары биліктен кетпеу үшін түрлі амал-шарғы ойластырып, өзіне қарсы топтарды қудалаумен айналыса бастағанына наразы. Атамбевтың беделі белгілі саяси қайраткер, Қырғызстандағы талай саяси бұлғақ пен өткелектердің басы-қасында жүрген Өмірбек Текебаевты тұтқындатып, осы сайлауға қатыстырмай тастағаны үшін төмендей түскен. Кезінде Бакиев елден қашқанда Отунбаеваның қасында болған, кейін Атамбев билікке келерде оған өз орнын беріп, елді сен басқар деп үміт артқан тұлға осы – Текебаев болса керек. Текебаев күздегі сайлауға қатыса алмайды. Бірақ оны жақтайтындар қазір Темір Сариевті қолдап отыр.
[caption id="attachment_28666" align="aligncenter" width="640"] Сооронбай Жээнбеков[/caption]
Қазақстан үшін Қырғыздағы сайлаудың маңызы
Жуырда ғана Қазақстан Қырғыз Республикасына 100 миллион доллар көмек берді. Бұл шешімді әр тарапқа жүгіртіп, қолдамағандар да, қолдағандар да кезікті. Шын мәнінде, Қазақстанның көршілес елге көмек көрсетуі құптарлық іс. Өсер жұрт көршісінің де бақуатты болуын көздейді. Қырғыз біз үшін стратегиялық әріптес қана емес, туысқан ел. Олардың тыныштығы, дамығандығы, тез қарқында өсіп-өнгені Қазақстан үшін айрықша маңызды. Көршің тыныш болса, ұйқың тыныш. Көршің өсіп-өркендесе, аймақтың дамуына ықпал етеді. Орталық Азия жұртының біртұтастығы, бірлігі ертеңгі болашақ үшін аса қажет.
Біздің ел Қырғызстандағы сайлауға бейжай қарамауға тиіс. Оларға білікті басшы келсе, елін ғана емес, тұтас үйектің дамуына өзіндік үлес қосады. Қырғызстандағы кез келген саяси оқиға бізді де айналып өтпесі анық. Ақаев және Бакиев кезіндегі саяси жанжал қырғыз халқын саяси тұрғыдан шыңдады. Әрине, мұның зардабын да тартпай қалған жоқ. Қараша жұрттың сол кездері Қазақстан мен Ресейге ағылғанын жақсы білеміз. Бірақ, осы оқиғалар қырғызстандықтардың жеке кәсіпкерлікпен айналысуына, халықаралық саудаға үйрілесуіне, шағын өнеркәсіпті дамытуына өзіндік септігін тигізді. Ең бастысы, Қырғызстан Орталық Азиядағы демократиялық құндылықты қалыптастыра бастаған ел ретінде өздерін әлемге танытты. Бұл үрдіс дамуды көздеген барлық мемлекеттің басар жолы десек те болады. Революция емес, эволюция арқылы дамимыз деген тұжырымның астарында жақсы мағына менмұндалағанымен, демократиялық құндылықтарға жету үшін кейбір елдердің ішкі жағдайына байланысты белгілі бір бодау беруіне тура келеді. Қырғыз халқы сол бодауды қанымен де, арымен де берген жұрт. Енді бұл елге тыныштықпен қатар, өздері қалыптастырған құндылықтарды одан ары дамытуы аса керек. Саяси реформаларды жетілдіріп, адам құқы, сөз бостандығы, азаматтық еркіндікті нықтай түскені аймақ үшін тиімді. Атамбаевты сынаушылар президент соңғы кездерде өздері әзер жеткен демократиялық құндылықтарға қарсы шешімдер қабылдады деп сөгеді. Олар келесі президент қазіргі жеткен жетістіктерін бұзбай, осы бағытта дамуына кепілдік берсе деп армандайды. Қырғыз халқы бұл арманына жетеді деп білеміз.
Біз үшін аймақтағы саяси реформаны айрықша ерік-жігермен жасаған елдің болашақ президенті өз халқының мақсат-мүддесін қорғайтын тұлға болғаны қымбат.
[caption id="attachment_28667" align="alignright" width="336"] Темір Сариев[/caption]
Отунбаева кімді қолдайды?
Қырғызстанның Бакиевтен кейінгі уақытша президенті Роза Отунбаева ханым биліктен кетерінде Атамбаевқа зор үміт артатынын мәлімдеген. Отунбаева Орталық Азиядағы жалғыз әйел президент ретінде тарихта қалатыны анық.Ол Қырғыз елін саяси реформаға бастаған көшбасшы ретінде де өз елінің мақтанышы болып қала бермек.
Отунбаева мен Атамбев екеуінің арасы қазір салқын. Отунбаева бүгінгі президентті «авторитарлық режимге» бұй ұрды деп санайды. Ол өзі бастаған әділ сайлау өткізу, орнынан уақтылы кете білу дәстүрін өзгелер де сақтаса екен деген үмітін жасырмай келеді. Текебаев ұсталғанда оны қолдауға шақырып, сотына да бірнеше мәрте келген Отунбаева қазіргі сайлауда Сариевті қолдайтынын білдіріп үлгерді. Оның себебі де жоқ емес. Сариев премьер-министр (2015-16) болған жылға жетпес уақытта өзінің іскерлігін, табандылығын әрі саяси шешімдер қабылдауға қауқарлығын танытып үлгерді. Сондай-ақ, Сариевтің ең бастысы қырғыз халқы үшін жұмыс істеуді мақсат тұтатындығына риза. Бұған дейін болашақ президенттікке негізгі қарсылас саналған Текебаев тұтқындалған соң ендігі үміткеріміз кім деген сұраққа жауап іздеген қырғыз саясатшылары осы Сариевке тоқталып отыр. Өйткені, Сариев әрқашан өзінің пікірін анық жеткізіп, өз ұстанымынан таймайтындығымен елге тез танылды. Ол премьер-министр болмай тұрып-ақ, Қырғыз Жоғарғы кеңештің депутаты болған әрі әртүрлі қоғамдық кеңестер құрып, Қырғыз билігінің әр сатысында шыңдалып үлгірген. Өзінің партияластары болса Сариевті айтқан уәдесінде тұратын, әрқандай саяси оқиғалар кезінде эмоцияға берілмей, жан-жақты талдау жасап, Қырғызстанға пайдалы ойлы пікір айтатын әрі халықаралық қарым-қатынаста ысылған, Қазақстан, ресей секілді елдердің билігімен тіл табыса білген тұлға деп біледі.
Сариев Үкіметті басқарғанда қандай іс тындырды?
Бар-жоғы бір жылға жетер-жетпес Қырғыз Үкіметін басқарған Темір Аргенбайұлы Қырғыз халқы үшін бірталай оңды істер жасаған. Халық оның қатаң тәртібі мен мінберден ашық әңгіме айтып, өзінің қызметкерлерін (министрлерді) керек кезінде аямай сынап, жұртшылықпен емін-еркін араласқанын ұнататыны байқалады.
Қырғыз ақпарат құралдары ең басты ісі деп төмендегідей бірнеше мысалды келтірген.
Біріншіден, Сариев Үкіметі Өзбекстанмен арадағы шекара дауын тоқтатуға, екі елдің ынтымағын нығайтып, өзара жанжалды болдырмауға, сол арқылы Қырғызстанның шекарасын тұрақтандыруға көп ерік-жігер жұмсаған. Өзбекстан мен Қырғызстан арасындағы шекара дауы сонау 1990 жылдардан бері бітеужара секілді толық жазылмай келеді. Екі елдің арасындағы суық қарым-қатынас әр жақ үшін де пайдалы еместігін білсе де, мұны шешудің жолын таппай келе жатқаны байқалады. Енді ғана Өзбекстанның жаңа президенті Шавкат Мирзиеяев осы істі оңды шешуді қолға алып отыр. Сариев бүгінгі келіссөздердің бастамашыларының бірі деп білетін жұрт мол.
[caption id="attachment_28668" align="alignleft" width="208"] Назарбаевтың Сариевті қабылдауы[/caption]
Екіншіден, Сариев кезінде Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа кірді. Әрине, бұл қадамды Қырғыз елінің кері кетуі деп бағалағандар да бар. Бірақ Қырғызстан үшін бұдан оңды жол жоқ екенін уақыт дәлелдеп отыр. Бұл елдің негізгі сыртқы экономикалық байланысы – Қазақстан мен Ресей. Бұл екі елсіз Қырғызстанның экономикалық тұрғыдан дамуы неғайбыл. Бұл екі елде Еуразиялық экономикалық одақтың негізгі ойыншылары. Қырғызстан жеңіл өнеркәсібі дами бастаған ел болғандықтан өзінің тауарын Еуразиялық экономикалық кеңістікке еркін сатуы керек. Қазір Қазақстан мен Ресей базарында Қырғызстанда өндірілген киім-кешек, мақта-мата өнімдері көптеп сатыла бастаған. Бұл, ең алдымен, қырғыз өндірушілері мен саудагерлерінің ауқаттануына ашылған даңғыл жол болды. Одаққа кіру арқылы Қырғызстан өзінің жеңіл өнеркәсібін қорғап қалды деуге болады. Бұл осы ел үшін аса маңызды еді.
Үшіншіден, елдегі жеке кәсіпкерлікті дамытуға, туризмді қолдауға көп күш жұмсады. Әсіресе, Ыстық көлге баратын халықаралық маңызы бар жолы жөндеу үшін Үкіметтен қыруар қаржы бөлдірді әрі кейбір шетелдіктерге сатылып кеткен пансионаттарды қайтарып алуға ықпал етті.
Төртіншіден, Сариевті Ресей мен Қазақстан билігі де қолдайтыны байқалады. Бұл жайында қырғыз сайттары жиі жазып жүр.
Қырғыз сарапшылары бұдан өзге де көптеген мысалдар келтіріп, оны болашақ президент болуға лайық тұлға деп бағалап отыр. Оның Үкіметті ұзақ басқармай, жұмысынан босауы себебі ел алдындағы беделінің күн санап өсуімен түсіндіріледі. Жұрт сол шақта Атамбаевты емес, Сариевті жиі ауызға ала бастаған...
Түйін:
Сариев өзі бір сөзінде мен байлық пен мансап үшін емес, елімнің болашағы үшін қызмет еткім келеді депті. Бұрынғы Қырғыз тарихында есімдері алтын әріптермен жазылған тұлғалар секілді тарихта қалуды көздейтінін айта кеткен ол: «Мен арымның алдында ант етемін: Қырғыз халқының бақыты үшін күреспей қоймаймын!» деп уәде беріпті.
Т. ӨСКЕНБАЙ