Ыстықкөлдің солтүстік жағалауында 17 үй су астында қалды. Бұл туралы елдің ТЖМ баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қырғызстан ТЖМ мәліметінше, Чолпон-атада төрт үй, Бакту-Долоноту – 9 үй, Булан-Соготту – 1 және Бостериде 3 үй суға батты. Сонымен қатар, саяжай кентіне көпір қираған.
Оқиға орнында құтқару жұмыстары жүріп жатыр.
Еске салайық, 28 маусымда Қырғызстанда нөсер жауын-шашын жауып, Ош облысының Ноокат ауданында жойқын сел тасқыны өтіп, оның салдарынан тұрғындар мен туристер зардап шекті.
Салдарынан, Ноокат ауданында 9 адам қаза тапты. Оның қатарында Қазақстаннан қырғыз еліне туыстарына барған 4 бала да бар.
Айта кетейік, осыған байланысты қазақстандық "Biz Birgemiz Qazaqstan" қоғамдық қоры Қырғызстандағы селден зардап шеккендерге қолдау көрсету үшін 40 тонна гуманитарлық көмек жіберген еді.
Қырғызстан төтенше жағдайлар министрлігі мәлім еткендей, 19 шілде күні таңертең жүк көліктері "Ақ-Тілек" қазақ-қырғыз шекара бекетінен өтіп, Ош облысына жолға шыққан.
Гуманитарлық көмек тиелген көлікте азық-түлік өнімдері – ұн, қант және басқа да өнімдер, ең қажетті тауарлар, сондай-ақ гигиеналық заттар бар.