Қырғызстанда Конституцияға өзгерістер енгізуге қарсы қол жиналып жатыр

Dalanews 27 қыр. 2016 11:27 804



Қырғызстанда «Референдумға – жоқ!» оппозициялық қозғалысы Конституцияны өзгерту жөнінде референдум өткізуге қарсы және парламентті тарату үшін қол жинауды бастап кетті. Белсенділер билікті халық пікірін елемейді деп айыптайды.





Қозғалыстың төрайымы, Есеп палатасының бұрынғы басшысы Эльмира Ибраимова Конституцияға енгізілетін өзгерістер адам құқығын, гендерлік теңдікті қадағалайтын және коррупцияға қарсы арнайы сараптамадан өтпеді деп мәлімдеді.

«Референдумның өтуін қалайтындар «жоғарғы жақ» ұсынған кесте бойынша жұмыс істеп жатқанын ашық мойындайды. Жогорку Кенеш депутаттары азаматтар пікірімен санаспастан заңдарды, регламентті бұзып жұмыс істеп жатыр. Бұл парламенттің заңдылығына күмән келтіреді», - деді ол.

Қозғалыс мүшелері 40 күн ішінде халық қолын жинап, оның нәтижесін 8 қазанда өтетін құрылтайда жариялаймыз дейді. Осылайша олар референдумды болдырмауға күш салмақ.

Елде оппозицияның наразылығына қарамастан билік бүкілхалықтық дауыс беруді өткізуге дайындалып жатыр. Дүйсенбі күні Жогорку Кенешке референдум уақытын 4 желтоқсанға белгілеу жөнінде заң жобасы түсті.

Әртүрлі мәліметтерге қарағанда, қырғыз билігі референдумды жергілікті кенеш сайлауымен біріктіріп өткізбекші. ОСК жергілікті сайлау мерзімін әлі жарияламады.



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар