Бір кездері Қырғызстан Қазақстанға берген пансионаттар қайтадан қызу талқыға түсті. Бішкек Астанамен 18 жыл бұрын жасалған келісімге өзгерістер енгізбек, - деп хабарлайды Dalanews.kz "Настоящее Время. Азияға" сілтеме жасап.
2006 жылы Қырғызстан Қазақстанға 4 пансионат нысанын берген болатын. Бұл жерлер Қазақстанға 49 жылға жалға берілген еді. Келісімнің ең басты шарты - қазақстандықтар ол жерлерде заманауи қонақүйлер салуы керек болған. Арада 18 жыл өткен, алайда қонақүйлер әлі салынбаған, ал төрт пансионаттың үшеуі тозып кеткен.
"Қазақстан ол жерде 3, 4 жұлдызды қонақүйлер салуы керек болған. Бірақ келісімде талаптар белгіленбеген және олар орындалмаса қандай жауапкершілік көзделгені жазылмаған. Қазіргі таңда келісімде 5 жыл мерзім белгіленді. Егер пансионаттар осы уақыт аралығында қонақүйге айналмаса, Қырғызстан 60 күннің ішінде Қазақстан пансионаттарға салған ақшаны қайтармай-ақ келісімді бұза алады", - дейді Қырғызстанның Экономика және коммерция министрінің орынбасары Искендер Асылкулов.
Қырғызстанның министрлер кабинетінің бұл ұсынысын Парламенттің бейіндік комитеті қолдаған. Бұл ұсынысты елдің барлық заң палатасы да қолдауы мүмкін.
Ал Қазақстан үкіметі мұндай түзетулерге қалай қарайтыны әзірге белгісіз.
Келісімдегі өзгеріс іске аса бастауы үшін оны екі елдің де парламенттері ратификациялауы керек.
Айта кетейік, Қырғызстан Ыстық көлде Өзбекстанға да пансионаттарын берген болатын. Бішкек пен Ташкент пансионаттар кімге тиесілі екенін ұзақ талқылап, былтыр келісімге келген. Қырғызстан пансионаттарды Өзбекстанға да 49 жылға жалға беретін болды. Өзбекстанға да заманауи қонақүйлер салу керек деген шарт қойылған.