Қырғыз депутаты: Қазақстанға нағыз сүтті экспорттаймыз, ал өзіміз ұнтақ сүт ішіп отырмыз

Көркем Алдабергенова 09 ақп. 2026 16:02

Қырғызстан Жогорку Кенешінің депутаты Айсара Абдибаева елдің өзін сүт және сүт өнімдерімен қаншалықты қамтамасыз етіп отырғанына алаңдаушылық білдірді. Бұл мәселе 9 ақпанда Жогорку Кенештің қаржы, бюджет, кәсіпкерлік және бәсекені дамыту жөніндегі комитетінің отырысында көтерілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары Жаныбек Керималиев Қырғызстан өзін сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырғанын айтып, оның бір бөлігі Қазақстанға экспортталатынын мәлімдеді.

Алайда депутат бұл жағдайға сын көзбен қарап, нақты мәселеге назар аударды.

«Біздің нағыз сүтімізді сатып алып, кейін бізге оны пастерленген күйде 110 сомнан қайта экспорттайды. Ресейден де солай келеді. Мұнымен айналысу керек қой», – деді Айсара Абдибаева.

Өз кезегінде вице-министр Қазақстанның шикізат емес, дайын өнімді ғана сатып алатынын, ал пастерлеу өнімнің бұзылып кетпеуі үшін жасалатынын түсіндірді.

Бірақ депутат бұл уәжге көңілі тоймай, ел ішінде тұтынылатын сүттің сапасына күмән келтірді.

«Ал бізде сүт емес, бір ұнтақ қана. Азаматтарымыз ұнтақ сүт ішіп отыр. Бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құру керек. Егер фермерлер Бішкекте сүт сататын дүкен ашса, оны бірден алып кетер еді. Біз, қала тұрғындары, не ішіп жүргенімізді де білмейміз. Ал экологиялық таза өз сүтіміз шетелге кетіп жатыр», – деп наразылық білдірді депутат.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove