Қыраулы қыс

Dalanews 31 қаң. 2015 02:36 2485

КЫС

Сары аяз қағады қыраулы қабағын,
Қолымда дірілдеп қауырсын қаламым.
Ойлардың түспейді іздері қағазға,
Ұлпа қар төсіне мұңымды жазамын.

Ақ көрпе жамылып, қара жер ұйқыда,
Сәл жаурап мен тұрмын ойланып сыртында.
Тобықтай мұз ұйқас шағуға келмейтін,
Тулаған шабыттың ериді ұртында.

Жылулық қалмаған аппақ жер бетінде,

Ойымның жылынам лаулаған өртінде.
Қаңтарған шабытым қазығын мүжиді,
Қаңтарда қақаған суық жел өтінде.

Талдарды аяймын дауылда үсіген,
Ойларын таппаймын ойлаған ішінен.
Тамырын жылытып жер асты суына,
Тамырсыз мені аяп тұрғанын түсінем.

Таулар да басып ап киіпті бөрігін.
Мен жаққа қарайды күн тістеп ерінін,
Көк мұзда кісінеп құлын-жыр тулайды,
Өмірдің тістелеп су алған желінін.

Дүниеге келгенмін осындай дауылда,
Бұл ызғар бар менің тулаған қанымда.
Өлеңім болмаса дірілдеп жаураған,

Ал менің қақым жоқ суыққа налуға.

Жамбыл ТӨРЕБЕКҰЛЫ

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар