Қазына қаржысына қол жайған өңір: Жамбыл облысының бюджеттен алатын ақшасы 42%-ға ұлғаймақшы

Қазына қаржысына қол жайған өңір: Жамбыл облысының бюджеттен алатын ақшасы 42%-ға ұлғаймақшы
коллаж: Dalanews

Ербол Қарашөкеев басқаратын Жамбыл облысы қазынадан қаржы алу қарқынын үдетті. Өзін өндірістік әрі ауылшаруашылығы дамыған өңір санайтын Жамбылдың республикалық бюджеттен алатын субвенция көлемі жыл сайын өсіп келеді. Берілген бюджет болжамына сәйкес, 2024 жылы облысқа 426,4 млрд теңге субвенция қарастырылса, 2025 жылы бұл сома 466 млрд теңгеге, 2026 жылы 493,3 млрд теңгеге жеткен. Ал 2027 жылға 607,5 млрд теңге жоспарланған. Яғни төрт жылда субвенция көлемі шамамен 181 млрд теңгеге немесе 42%-ға өседі. Dalanews.kz редакциясы Жамбыл облысының ел қазынасын қаржы алу қарқынын бағамдады.

Ең үлкен өсім 2027 жылға тиесілі. Бір жылдың ішінде субвенция көлемі 114,2 млрд теңгеге, яғни 23,1%-ға артпақшы. 2024–2026 жылдары өсім салыстырмалы түрде бірқалыпты болған. Ал 2027 жылғы көрсеткіш айтарлықтай айырманы немесе қарқын үдегенін көрсетіп отыр. 2024 жылғы 426,4 млрд теңге субвенция көлемі Жамбыл облысының 2025–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында да көрсетілген.

 

Облыс өзін-өзі қаншалықты қамтамасыз етеді?

Мәселенің мәнін қарапайым тілмен айтсақ, Жамбыл облысының өз бюджетіне түсетін салық түсімдері өңірдің барлық шығынын жабуға жеткіліксіз. 2026 жылы облыстық бюджетке тікелей түсетін салықтық түсімдер шамамен 31,5 млрд теңге деңгейінде болады деген болжам бар. Ал осы кезеңдегі субвенция көлемі 493,3 млрд теңге. Яғни қарапайым есеппен қарағанда, өңірдің бюджеті республикалық қаржыға айтарлықтай тәуелді.

Бұл қаржы әлеуметтік салаға, білім мен денсаулық сақтау жүйесіне, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа және басқа да жергілікті міндеттерді орындауға жұмсалады.

 

Неге Жамбыл облысына қомақты субвенция қажет?

Жамбыл облысы - ауыл шаруашылығы маңызды орындағы өңір. Сонымен қатар, облыстың экономикалық әлеуеті аудандар арасында біркелкі бөлінбеген. Негізгі экономикалық белсенділік Тараз қаласында шоғырланған. Ал көптеген аудандарда кәсіпкерлік белсенділік пен салық базасы салыстырмалы түрде әлсіз.

Тағы бір мәселе - өңірдегі көлеңкелі экономиканың үлесі. Егер экономикадағы белгілі бір қаржы айналымы ресми есепке алынбаса, одан бюджетке түсетін салық та азаяды. Сондықтан өңірдің өз кірісі мен шығыны арасындағы айырманы республикалық бюджеттен берілетін трансферттер арқылы жабуға тура келеді.

 

Салықты кім төлеп отыр?

Жамбыл облысының салық түсімдерінде жеке табыс салығы мен әлеуметтік салықтың үлесі басым. Яғни жергілікті бюджет кірісінің едәуір бөлігі азаматтардың жалақысы мен еңбек ақысына байланысты қалыптасады. Бұл облыс басшылығы кәсіпкерлік пен өндірістен түсетін кірістерді жеткілікті деңгейде арттыра алмай отырғанын көрсетеді.

Сонымен бірге 2026 жылдан бастап бірқатар аудандарда шағын бизнес үшін оңайлатылған декларация бойынша салық мөлшерлемесін 4%-дан 2%-ға дейін төмендету туралы шешімдер қабылданған. Мұндай шара кәсіпкерлікті ынталандыруға бағытталғанымен, қысқа мерзімде жергілікті бюджет түсімдеріне әсер етуі мүмкін.

 

Субвенция көп болғаны нені білдіреді?

Субвенцияның өзі - проблема деген сөз емес. Қазақстанның бюджетаралық қатынастар жүйесінде өңірлердің қаржылық мүмкіндігін теңестіру үшін республикалық бюджеттен субвенциялар беріледі. Мәселе өңірдің өз кірісін көбейту мүмкіндігі мен республикалық бюджетке тәуелділік арасындағы арақатынаста.

Егер облыс бюджетінің елеулі бөлігі сырттан келетін қаржы есебінен қалыптасса, жергілікті экономиканы дамыту, жаңа кәсіпорындар ашу, салық базасын кеңейту және көлеңкелі бизнесті заңдастыру мәселелері одан сайын маңызды бола түседі.

Сондықтан Қарашөкеев мырзаның алдында тұрған негізгі сұрақтың бірі – республикалық бюджеттен қанша қаржы алу емес, өз кірісін қалай көбейту.

Жамбыл облысының қазіргі әкімі бұл қызметке 2023 жылғы 5 қыркүйекте тағайындалған. Содан бері өңірде шешімін таппаған мәселе шаш етектен. Мәселен: облыс аумағындағы су инфрақұрылымының тозуы (су құбырларының тозуы 25 пайыздан асқан); жұмыссыздық пен көші-қон; ауыл шаруашылығындағы су тапшылығы (аграрлық өңір үшін су басты фактор); экология мен тұрмыстық қалдықтардың өңделуі (жиналғн 3,2 тонна қалдық жиналған); су тасқыны қаупі бар елдімекендер саны көп; т.б

Қысқасы, субвенсияға оралсақ, сандардың өзі көп нәрсені айтып тұр: 2024 жылы 426 млрд теңге, 2027 жылы 607 млрд теңге. Өңірдің республикалық бюджеттен алатын субвенциясы төрт жыл ішінде жарты триллион теңгеден асып, 600 млрд теңгеге жақындайды. Бұл жағдай Жамбыл облысының экономикасын әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамыту және жергілікті салық базасын кеңейту мәселесін күн тәртібіне қайта шығарады.