23 қыркүйектен 24 қыркүйекке қараған түні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында шатырдың ескі конструкцияларын демонтаждау бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілді. Жұмыстар бекітілген жоспарға сәйкес және қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып түнгі уақытта орындалды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Университет мәліметінше, бұл пайдаланылып отырған ғимарат шатырының өздігінен құлауы емес. Бұл нысанды кезең-кезеңімен жаңарту туралы қабылданған шешім аясындағы демонтаж жұмыстары. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.
Мұндай ауқымды жұмыстар ғимараттың техникалық жағдайына байланысты қолға алынған. Студенттер сарайы 1985-1998 жылдар аралығында салынып, шамамен 30 жылға жуық уақыт ішінде кешенді күрделі жөндеуден өтпеген.
2023 жылы аккредиттелген ұйым ғимараттың техникалық жағдайына сараптамалық тексеру жүргізген. Зерттеу барысында көтергіш және қоршау конструкцияларында бірқатар елеулі ақаулар анықталған.
Атап айтқанда, кейбір темірбетон ригельдері мен бағандарының болмауы, түйіскен жерлердегі коррозия мен конструкциялардың ішінара бұзылуы, бағандардың деформациялануы, ригельдер мен бағандардың түйісу тораптарындағы ақаулар, жекелеген темірбетон элементтердің салбырауы, қасбеттің жылу оқшаулағыш қабатының бұзылуы, сондай-ақ шатырдағы металл конструкциялардың коррозияға ұшырап, жергілікті деформациялануы тіркелген.
Мамандардың айтуынша, анықталған кемшіліктердің едәуір бөлігі әрлеу және сәндік элементтердің астында жасырын болған. Сондықтан кейбір конструкциялардың нақты жай-күйін тек сырттай қарап анықтау мүмкін болмаған.
Бастапқыда университет ғимараттың негізгі көтергіш конструкцияларын барынша сақтай отырып қайта жаңғырту нұсқасын қарастырған. Алайда жұмыстар барысында және кейбір бөліктер ашылған кезде қосымша жасырын ақаулар анықталған.
Мәселен, шатырдың сәндік бөлігін бөлшектеу кезінде мамандар бағандардың түйісу орындарындағы деформацияларды, соның ішінде бұралу белгілерін және ғимараттың оңтүстік бөлігіндегі жоғарғы конструкциялардың геометриялық өзгерістерін тіркеген.
Сондай-ақ жауапты темірбетон элементтерінің бірқатарының жағдайына қатысты қосымша мәселелер туындаған. Оларды ашу барысында қажетті арматураның жоқ жерлері мен бетон сапасының қанағаттанарлықсыз екені анықталған.
Университеттің мәліметінше, анықталған ақаулар жекелеген емес, жүйелі сипатқа ие болғандықтан, бастапқы қайта жаңғырту тұжырымдамасын қайта қарауға тура келген.
Алматы қаласының жоғары сейсмикалық белсенділігі ескеріле отырып, қолданыстағы конструкцияларды кезең-кезеңімен бөлшектеп, олардың орнына жаңа Студенттер сарайын салу туралы шешім қабылданған.
Сонымен қатар университет ғимараттың тарихи сәулеттік келбетін сақтап қалуды жоспарлап отыр. Жаңа нысан Студенттер сарайының көпшілікке таныс сыртқы бейнесін сақтай отырып, сейсмотұрақтылық, конструкциялық сенімділік және қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес болады.
ҚазҰУ өкілдері қосымша зерттеулер мен техникалық шешімдердің өзгеруі жұмыстардың бастапқы мерзімі мен көлеміне әсер еткенін атап өтті. Дегенмен негізгі басымдық студенттердің, қызметкерлер мен келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып қала береді.
ҚазҰУ журналистерге тексеру материалдарын ұсынды
Бүгін, 24 қыркүйекте сағат 11:00-де ҚазҰУ Студенттер сарайын қайта жаңғырту мәселесіне арналған арнайы ақпараттық кездесу өткізеді.
Қауіпсіздік талаптарына байланысты бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері құрылыс және демонтаж жұмыстары жүріп жатқан аумаққа кіргізілмейді.
Оның орнына университет тексеру және демонтаж барысында түсірілген фото және бейнематериалдарды ұсынады. Онда анықталған ақаулар, зақымданулар және мамандардың назарын аударған конструкциялық шешімдер көрсетіледі.
Университет өкілдері мен сала мамандары ғимараттың техникалық жағдайы, қайта жаңғырту тұжырымдамасының өзгеру себептері туралы түсіндірме беріп, журналистердің сұрақтарына жауап береді.
ҚазҰУ қоғамды Студенттер сарайының жағдайы, жүргізіліп жатқан жұмыстар және қабылданатын техникалық шешімдер туралы ашық түрде ақпараттандыруға дайын екенін мәлімдеді.