Жүздесу барысында тараптар ынтымақтастықты одан ары нығайту жолдарын талқылап, бірқатар мәселелерді ортаға салды.
Алғаш болып сөз алған ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев оқу орны Біріккен ұлттар ұйымының және оның еншілес ұйымдарымен тығыз қарым-қатынас орнатқандығын атап өтті.
– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Қарашаңырақ ҚазҰУ білім беру, ғылымды дамытуға ерекше маңыз береді. 2014 жылдан бері университет Біріккен ұлттар ұйымының Тұрақты даму бойынша «Академиялық ықпал» бағдарламасының Жаһандық хабы болып табылады. Сонымен қатар білім ордасы көптеген халықаралық академиялық алаңдарда тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға өз үлесін қосуда, – деп атап өтті Жансейіт Түймебаев.
Сондай-ақ ҚазҰУ ректоры оқу орны мен ЮНИСЕФ ұйымының арасындағы өзара серіктестік аясында атқарылған жұмыстарға да тоқталды.
– Сіздердің ұйымдарыңызбен бірлесіп университетте көптеген халықаралық деңгейдегі жиындар өтіп, бірнеше жобалар сәтті жүзеге асырылды. Алдағы уақытта да осы тараптағы жұмыстарымызды жалғастыруға ниетті екендігімізді жеткізгім келеді, – деді ҚазҰУ ректоры.
Өз кезегінде Артур ван Дизен ЮНИСЕФ-тің маңызды міндеттері турасында әңгімеледі.
– ЮНИСЕФ үшін маңызды міндеттердің бірі – Қазақстанда және әлемде балаларға қолайлы орта қалыптастыру және білім алуға мүмкіндік тудыру. Осы орайда біздің Сіздердің университеттеріңіздің Ғылыми-технологиялық паркімен бірлесіп іске асырған «UniSat» білім беру жобасының мәні мен маңызы ерекше. 2020 жылы іске қосылған жобаның мақсаты – наноспутниктерді әзірлеу бойынша қыздардың білімі мен құзыреттілігін дамыту. Сондай-ақ жоба командада жұмыс істеу, көпшілік алдында сөйлеу, тайм-менеджмент және креативтілік сияқты дағдыларды жақсартуға ықпал етеді, – деді Артур ван Дизен.
Әлемдік ұйымның өкілі өз сөзінде ҚазҰУ-мен арадағы ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын жеткізді.
Бір бұл ғана емес. Бүгінде ҚазҰУ-дың Философия және саясаттану факультетінде ЮНИСЕФ-тің қолдауымен халықаралық жоба жүзеге асырылуда. «Әлеуметтік қызметкерлер мен мамандарды диплом алғанға дейінгі және диплом алғаннан кейінгі даярлау мен қайта даярлаудың мемлекеттік бағдарламаларын жетілдіру» атты жоба бойынша әлеуметтік қызметкерлерді дайындау қолға алынып отыр.
Бұл жоба ЮНИСЕФ-тің балалар құқықтарын нығайту және сапалы әлеуметтік қызметтер – денсаулық сақтау мен сапалы білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету миссиясымен үндес.
Жиынды қорытындылаған Жансейіт Түймебаев БҰҰ-ның Жаһандық хабы ретінде университет аталған жобалар бойынша жұмысты ары қарай жалғастыратынын жеткізді.
– Жоғары оқу орны ретінде біз Бала құқықтары туралы Конвенцияны сапалы іске асыру жөніндегі ЮНИСЕФ-тің барлық бастамаларын қолдауға дайын екенімізді білдіреміз. Алдағы уақытта осы тараптағы нақты жұмыстарға маңыз беретін боламыз, – деді Жансейіт Түймебаев.