Кейінгі бірнеше күннен бері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің төңірегіндегі дау тыйылар емес. Аты-жөні жазылған мөрді пайдаланған журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай жұрттың сынына қалып, қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мәселе неден басталды?
Танымал журналист Жұлдыз Әбділдә Facebook парақшасында ҚазҰУ-да өткен Жас тілшілер форумына қатысты жазба жариялаған еді. Оның сөзінше, форум қатысушыларына берілген сертификатқа университеттің немесе факультеттің емес, деканның аты-жөні жазылған жеке мөрі басылған.
"ҚазҰУ сияқты білдей бір университетте, атам заманнан келе жатқан журналистика факультетінде мөр жоқ па сонда? Әлде журфакты Әуесбайдың Қанаты біржола жекешелендіріп алып па еді? ИП-ның құжаты құсатып не мынау? "Әуесбайдың Қанаты өз-өзінің фанаты" екенін былай да білеміз ғой, бірақ мынаусы тым артық екен", – деп жазды Жұлдыз Әбділдә.

Кейінірек жоғары оқу орнының баспасөз қызметі БАҚ өкілдеріне берген пікірінде бұл жайтқа қатысты қатысты қызметтік тексеріс басталғанын мәлімдеді.
Бұл іс қалай жалғасты?
Тексеріс басталғаннан кейін де қоғам тарапынан сыни пікір тоқтамады. Әлеуметтік желіде осы жағдайға қатысты жаңа жазбалар пайда болды.
Журналистика факультетінде білім алғанын айтқан желі қолданушыларының бірі осы оқиғадан кейін Қанат Әуесбай қызметінен кетіп, орнына Мәншүк Мұқашева келгенін жазды. Алайда жазба авторы Мәншүк Мұқашеваға да күмән келтіріп, университет басшылығын болашақ журналистерге қиянат жасамауға шақырған.
"Біздің құтты шаңырағымызда тек кіл мықтылар еңбек етуге тиіс. Қандай ұстаздардан дәріс алдық біз. Былыққа, батпаққа айналдырмаңдар! Журналистика факультеті - еліміздегі маңдайалды факультет. Факульттеттің абыройымен ойнап, ойқастап, жөнсіз-жүйесіз (қалай-болса солай) адамдарды басшылыққа қоя беруге болмайды. Бұл деген болашақ студенттердің обалына қалу, қазақтың қасиетті сөз өнері мен журналистикасына, Қазақстан білімінің алтын ұясына қастандық жасау деп ойлаймын. Қожакеевтің әурағынан қорқыңдар! Танымы таяз, әріптестеріне жұғымсыз, кәсібилігі, мәдениеті төмен адамды басшылыққа қою - журфагымыздың болашағына балта шапқанмен тең! Ойланайық! Болашақ журналистерге қиянат қылмайық! Өзіміз түлеп ұшқан факультетімізді циркке айналмасын!" - деп ашынды ол.
