Қазақстанда әлеуеті бойынша Қашаған кен орнына тең келетін ірі карбонат массиві анықталды. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Құрманғазы Есқазиев Астанада өткен геологиялық форум барысында мәлім етті, деп хабарлайды Dalanews.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Құрманғазы Есқазиевтің айтуынша, Қаратон, Қажығали және Жылыой аумақтарын қамтитын жаңа карбонат массивінің құрылымы Қашаған кен орнына ұқсас.
«Анықталған карбонат массивінің ресурстық әлеуеті 4,7 млрд тонна көмірсутекті құрайды. Бұл көрсеткіш Қашағанның геологиялық әлеуетімен шамалас. Алайда Қашаған теңіздің таяз бөлігінде орналасқандықтан, оны игеру үшін үлкен көлемде капиталдық шығын қажет. Ал бұл массив құрлықта орналасқан, сондықтан шығын көлемі айтарлықтай төмен болады», - деді ол.
Жалпы алғанда, Жылыой карбонат массивінің жиынтық ресурстық әлеуеті 20 млрд тонна шартты отынға бағаланып отыр.
Қаратон учаскесінде қазірдің өзінде тереңдігі 5750 метр болатын ұңғыма бұрғыланып, нәтижесінде оң қорытынды алынған. Бес перспективалы нысан айқындалған.
Компания өкілінің сөзінше, Қаратондағы табысты нәтижеден кейін Қажығали учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын кеңейту жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жер қойнауын пайдалану келісімшартын алу бойынша келіссөздер жүргізілуде.
